Атыраулық ревизорлар басшыларының үстінен Президентке ұжымдық арыз жолдады
Облыстық прокуратура қазір хаттың мазмұнын тексеруде
Атырау облысы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасы Равиль Төлебаевтың үстінен өзінің қол астындағы бір топ қызметкері ұжымдық арыз жазып, арнайы органдарға жолдады. Бұл туралы «Ақ Жайық» басылымы хабарлады.
Басылымның жазуынша, хат желтоқсан айының басында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына, ҚР бас прокуроры Ғизат Нұрдаулетовке, ҚР ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовке, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжановқа, республикалық бюджеттің орындалуын бақылау бойынша есеп комитетінің төрағасы Наталья Годуноваға жолданған.
Тексеру комиссиясының қызметкерлері өз хатында Төлебаевтың тарапынан орын алған заңбұзушылық фактілерін жазып, оларды дұрыстап тексеріп, сәйкесінше шаралар алуды сұрайды. Олар бірнеше мәрте қол астындағылардан ақша жинау, бюджет қаржысын пайдасыз жұмсау, қызметкерлерге тіл тигізу, заңсыз тексерістерге мәжбүрлеу, демалыс күндері мәжбүрлі жұмысқа шақыру орын алғанын тізіп айтады.
Мысалы, биыл 12 қарашада Қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында басшылық аппаратының 5 мүшесінің есепшоттарына сыйақы аударылған, кейін оның 10% басшылық қайта жинап алған. Сонымен қатар аса қажет болмаса да, 249 991 теңгеге кофемашина, 279 990 теңгеге электрлік кофе қайнатқыш, 92 440 теңгеге қысқа толқынды пеш пен ауа ылғалдандырғыш, 180 000 теңгеге кілем сатып алынған. Сонымен қатар, хат авторларының айтуынша, мемлекеттік сатып алу порталы арқылы қызмет көлігін жылтыратып бояуға және шудан оқшаулау үшін 672 мың теңгеге келісімшарт жасақталған.
Облыстық прокуратура қазір хаттың мазмұнын тексеруде.
Еске салайық, Р.Төлебаев Атырау облысы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасы болып биыл 29 қыркүйекте сайланды. Оған дейін Жамбыл облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарған. «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» естелік медалімен марапатталған.