$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Елордадағы көпқабатты үйлерде қандала көбейді

Нұр-Сұлтандағы үйлерде қандаланың қаптап кетуінің нақты себебі жоқ

Елордадағы көпқабатты үйлерде қандала көбейді
Фото ашық дереккөзден

Елордадағы көпқабатты тұрғын үйлерді қандала басып жатыр. Одан қашқан тұрғындар апта сайын пәтер ауыстыруға мәжбүр. Риелторлар да қазір қандаласыз үй іздеумен әлек, деп хабарлайды КТК арнасы.

Бұл ретте жеке дезинфекциямен айналысатындардың саудасы қызу. Қандала шағып берекесі қашып, жүйкесі тозған астаналықтар тұмшаланған ақ киімді жандарды құтқарушы періштесіндей көреді.

Төсекке, киімге жұққан қансорғыштан құтылу өте қиын. Оны камералық дизенфекциялау керек немесе біржола көзін құрту керек. Кейде тұрғындар қандала бұрыш-бұрышына тығылған жаңа жиһазын сол күйі лақтыруға мәжбүр. Ебін тапқандар сатып та жібереді екен. «Паразиттен қашып пәтерден-пәтерге көшіп жүргендер өзінің тасымалдаушы екенін білмейді де» дейді дезинфекторлар.

 «Басты себеп – пәтер жалдап тұратындар ғой. Пәтерден пәтерге көшіп жүреді. Бізде, астанада жалға алушылар көп. Солармен бір жерден екінші жерге көшеді. Мысалы, қандаласы жоқ пәтерге өзімен қандала алып келеді. Сөйтіп подъезге жаяды», - дейді дезинфектор Рахима Дүйсенбиева.

Нұр-Сұлтандағы үйлерде қандаланың қаптап кетуінің нақты себебі жоқ. Қалада елуден аса кәсіби паразиттерден тазартатын дезинфекциялық ұйым бар. Жасырып қалуға, жалғыз, жалаң қолмен күресуге тағы болмайды.

«Бір рет дезинфекциялық өңдеу жасаудан қандала кетпейді, үш ретке дейін жасау керек. Әр жасатқаннан кейін 7 немесе 10 күнде қайталап отыру керек. Көбі камералық өңдеуге бермейді, көрпе-жастықтарын, үйге толық дезинфекция жасатпайды, көршілеріне айтпайды. Ол өз үйіне ғана жасатады. Бір айға ғана кетеді, одан кейін қайта пайда болады», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы санитария-эпидимиология департаментінің бас маманы Айбарша Дүйсенбайқызы.

Әбден зәрезап болған астаналықтар үй жалдап аларда жылу мен судан бұрын қандаланың бар-жоғын сұрайды екен. Онсыз да ай сайын пәтерақы төлейтін жұртқа апта сайын дезинфекция жасату қалтасына салмақ болары анық.

Елордаға қандала эпидемиясы КВИ-нан бұрын келген. Паразит суық пен ыстыққа төзімді, жойылуы қиын. Түпкілікті құтылудың амалы да жоқ. Сондықтан әр үйдің иесі шамасы мен жүйкесі жеткенше, шағатын жәндікпен өзі күресуі тиіс. Өйткені қаланың санэпидемиялық орталығы қандаладан баспананы тазалау жұмысын өз мойнына алмайды.

 

Серіктес жаңалықтары