Алматыдағы «Алтын орда» базары маңындағы жолайрық ашылды
Жобаға 200-ден астам жұмысшы мен 50 техника тартылған
Бүгін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов пен Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаевтың қатысуымен "Алтын орда" базары маңындағы "Алматы-Райымбек" учаскесінде жаңа бас магистральдық эстакаданың ашылуы өтті. Бұл туралы министрліктің ресми сайтында жарияланды.
Автожол учаскесінде басты магистральдық эстакада, "таға" үлгісіндегі бұрылыс эстакадасы, Ақсай өзені арқылы өтетін көпір және жерүсті жаяу жүргіншілер көпірі салынды.
Сонымен қатар, транзиттік, қоғамдық және жергілікті көліктер үшін 4 шақырымдық инженерлік коммуникациялар қайта орнатылып, 10 жолақты жол салынды.
Жобаға 200-ден астам жұмысшы мен 50 техника, оның ішінде монолитті аралық құрылыс жұмыстарын қамтуға арналған күрделі жабдықтар тартылды.
"Алтын орда", "Барлық" базарлары мен "Молл Апорт" сауда орталығының орналасқан жерін ескерсек, эстакадада қозғалыстың ашылуы жол учаскесінің өткізу қабілетін арттырып, халыққа қолайлы жағдай жасайды. Және азаматтардың бизнес жүргізуі үшін инфрақұрылым проблемаларын шешуде оң әсер етеді.