Қарағанды облыстық сотына тиесілі мемлекеттік көлік жеке мақсатта пайдаланылған
Көлік облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының Төрағасына тиесілі
Қарағанды облыстық сотының балансында тұрған және облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты төрағасының есебінде тұрған қызметтік көліктің жеке мақсатта пайдаланылған сәті видеоға түсіп қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Patriot_patriot тетелграмм-каналында жарияланған видеода екі оқушының мектепке мемлекеттік көлікпен келген сәті түсірілген. Автор жүргізушіден неліктен мемлекеттің мүлкін жеке мақсатта пайдаланып жүргенін және одан түскен балалардың кімдікі екенін сұраған. Алайда, жүргізуші «қолым бос болған бастықтан балаларды апарып тастайыншы деп сұрадым» деген жауап қатып, оқушылардың судьяның балалары еместігін айтқан.
Сондай-ақ, бейнежазбадағы мемлекеттік көліктің Қарағанды облысы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Бекзат Шалғымбаевқа тиесілі екені жазылған.