Иран апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшігін АҚШ-қа беруден бас тартты
Қазіргі уақытта қара жәшіктің қай елге жөнелтілетіні әлі белгісіз

«Ресми Тегеран Иранда апатқа ұшыраған «Украина халықаралық әуежолы» ұшағының қара жәшігін АҚШ-қа немесе Boeing компаниясына бермейді», деп мәлімдеді Иран азаматтық авиация ұйымының басшысы Али Абедзаде. Бұл туралы РИА Новости ақпарат агенттігі жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазіргі уақытта қара жәшіктегі жазбаны оқу үшін оның қай елге жөнелтілетіні әлі белгісіз», – делінген агенттік хабарламасында.
Абедзаденің айтуынша, апатты қайғылы оқиға болған аумақтағы мемлекет зерттеуі тиіс. Ал Украина тек болған жағдайды анықтау жұмыстарына ғана қатысады деп атап өтті ол.
Еске салсақ, «Украина халықаралық әуежолы» компаниясының Boeing 737-800 ұшағы сәрсенбі күні таңғы уақытта Тегераннан Киевке ұшып шыққан сәтте апатқа ұшыраған еді. Әуе кемесінің бортында болған 180 адам түгелдей қаза тапқан. Алдын ала болжам бойынша, лайнер қозғалтқыш істен шыққандықтан апатқа ұшыраған.