Апалы-сіңлілерді өлтіріп, 24 жыл бойы жасырынып жүрген күдікті Павлодарда қолға түсті
Павлодар полицейлері Ресейдің Омбы облысының тергеу органына хабарлама жолдады
Омбыда апалы-сіңлілі екі азаматшаны өлтіріп, қашып жүрген күдікті Павлодардан ұсталды. Бұл туралы Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан азаматы 1997 жылы Омбыда бір қызды қарумен атып, ал екіншісін пышақтап өлтірген.
«Облыстық полицияның көші-қон қызметкері Гүлстан Батталованың қырағылығының арқасында 24 жыл бойы тергеу органдарынан жасырынып келген ер адам анықталды», - деп мәлім етті Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
1997 жылдың наурызында Ресейдің Омбы қаласында 30 жастағы азамат кикілжің кезінде 25 жастағы қызды басынан атып жібереді, ал оның 22 жастағы сіңлісіне бірнеше жерден пышақ сұғып алады.
Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімовтің айтуынша, екеуі де алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмған. Күдікті мас болған. Қылмыс жасағаннан кейін ол қашып кеткен. Күдіктіге мемлекетаралық іздеу жарияланады.
«54 жастағы Қазақстан азаматы азаматтық анықтау үшін көші-қон қызметіне құжат өткізген. Осы кезде оның іздеуде жүрген күдікті екені әшкере болған. Полиция подполковнигі ер адамды таныған», - деп атап өтті Нұрлан Мәсімов.
Павлодар полицейлері Ресейдің Омбы облысының тергеу органына хабарлама жолдады.