Шымкенттік депутат мемлекеттен табысын жасырған
Шымкент қаласы мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары табысын жасырған қалалық мәслихат депутатының аты-жөнін атады

Шымкент қаласы мемлекеттік кірістер департаменті табысын жасырғандар бойынша тексеру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде 1 млрд теңге қазынаға қайтарылды. Мемлекеттен табысын жасырғандардың ішінде Шымкент қалалық мәслихатының депутаты да бар екен. Бұл жөнінде қоғамдық кеңес отырысында Шымкент қаласы мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Нүрпейіс Құлымбетов мәлімдеді.
«Қаладағы кафелер мен мейрамханаларда хронометражды тексеру жұмыстарын жүргіздік. Тексеру барысында бәріңізге белгілі 11 шағын ауданындағы «Прага-9» кафесі туралы анықтадық. Кафенің негізгі қожайыны - осындағы депутат Салимов Бахадүр деген азамат. Ол кафені жеке үш кәсіпкердің атына жазып, бір кафеге үш салық төлеушіні тіркеп қойған. Хронометражды зерттеу барысында осындай фактілер анықталды. Біз ол кісілерге түсіндіру жұмысын жүргізуді бастадық», - дейді Нүрпейіс Құлымбетов.
Фото: Нүрпейіс Құлымбетов
Неге екені белгісіз, қоғамдық кеңес мүшесі, «Nur Otan» партиясының Шымкент қаласы филиалы төрағасының орынбасары Бекайдар Төлегеновке бұл мәселені БАҚ өкілдерінің алдында ашып айтқаны ұнамады.
Фото: Бекайдар Төлегенов
«Бұл мәселені осы жерде көтеру керек пе еді? Бұл жерде камера тұр. Мұндайда жеке өзімен сөйлесу керек немесе депутаттарға айту керек еді. Кей мәселелерді біз өзіміз шешуіміз керек. Оның үстіне ол депутат, партия мүшесі. Сіздер бұл жағдайды басшылыққа жеткізбегенсіздер, мәселен дәл осыны маған айтқан жоқсыз. Мен онымен сөйлесуге дайынмын. Мәселені бұлай кеңес отырысына шығармай ақ, сізді, оны шақырып, заң талаптарын орындауға мәжбүрлейтін едік», - деп Бекайдар Төлегенов ренішін білдірді.
Арай Есенбек, Шымкент