Жамбылдағы жарылыстан із-түзсіз жоғалған әскеридің жақындарына әзірге жәрдемақы берілмейді
Облыс әкімі аймақта болған дауылдың шығындары мен зардап шеккен нысандардың жұмысы жайлы да айтты
Жамбыл облысындағы жарылыстан кейін із-түссіз жоғалып кеткен әскери Бауыржан Дәуітбаевтың отбасына әзірге ешқандай әлеуметтік көмек көрсетілмейді. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ОКҚ-да өткен брифинг кезінде айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Өңір басшысы бұл бағытта арнайы құрылған комиссия әлі жұмысын тоқтатпағанын алға тартты. Демек, әлеуметтік көмектің берілуі, не берілмеуі сол комиссияның шешіміне байланысты болмақ екен.
«Ол азаматтың осы уақытқа дейін денесі табылған жоқ. Заңға сәйкес біз ол жәрдемақыны төлей алмаймыз. Егер біз оны төлейтін болсақ, онда ол заңсыз болады. Өкінішке қарай оның не өлі екенін, не тірі екенін әлі күнге дейін білмейміз. Себебі дәлеліміз жоқ. Біз ол азаматтың ата-анасымен сөйлескенбіз, барлығын түсіндіріп айтқанбыз. Іздеу жұмыстары әлі де жалғасын тауып жатыр», - деді Бердібек Сапарбаев.
Сонымен қатар, Бердібек Сапарбаев жуырда ғана аймақта болған дауылдың шығындары мен зардап шеккен нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын баяндады.
«Дауылдың жылдамдығы секундына 22-38 метрге дейін жетті. Ол қатты дауыл. Соның салдарынан 1 200 объектіге зақым келді. Қазіргі таңда олардың барлығы қалпына келтірілді. Олардың қатарында көпқабатты, жекеменшік тұрғын үйлер, 20-дан астам әлеуметтік нысан бар. Аталған объектілердің басым бөлігін жергілікті кәсіпкерлердің есебінен қалпына келтірдік. Ал күрделі зақым келген нысандарға қосымша 368 млн теңге бөлінді. Әлеуметтік нысандар толығымен қалпына келтірілді. Қалған 7-8 жекеменшік үйді апта соңына дейін толығымен қалпына келтіреміз», - нақтылады облыс әкімі.