Елордада көше қиылыстарында неліктен бәріне қызыл түс жанады
Бағдаршамды осылай баптауды полицейлер «тыныштандыру режимі» деп атайды және оны кеңінен қолдануға ниетті.
Нұр-Сұлтандағы полиция департаменті Бөгенбай батыр көшесі мен Республика даңғылының қиылысындағы бағдаршам жұмысының жаңа алгоритмін маусымнан бері сынақтан өткізіп жатыр. Бағдаршамның жарығы жасылға ауысар алдында барлық лекке бірдей қызыл түс жанып тұрады. Бұл жасыл жанғанда қиылыстан өтпек болған жүргізушілердің маневрды қауіпсіз әрі кедергісіз аяқтауына мүмкіндік береді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі kolesa.kz-ке сілтеме жасай отырып
Тәртіп сақшылары тыныштандыру режимі енгізілгенге дейін аталған қиылыста алты ай ішінде 17 жол-көлік оқиғасы тіркелгенін айтты. Ал сынақ басталған сәттен бүгінгі күнге дейін мүлде апат болмапты. Демек тәжірибе жақсы нәтиже көрсеткен.
Аралық талдау қорытындысы бойынша:
- Бөгенбай батырдың Уәлиханов, Айманов, Бейбітшілік көшелерімен және Жеңіс, Сарыарқа даңғылдарымен қиылысындағы;
- Тілендиевтің Бейсеков және Көктал көшелерімен қиылысындағы бағдаршамдарды осы режимге көшіру жөнінде шешім қабылданды.
Елордалық Полиция департаменті 2021 жылдың 1 желтоқсанында Тілендиев — Ақан Сері қиылысындағы құрылғылар да аталған режимде жұмыс істеп тұрғанын хабарлады. Апатты азайтуға бағытталған шара болашақта кеңінен қолданылады.
Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы қиғаш қиылыстар да тыныштандыру режимінің баламасы болатын. Олар да тәжірибелік мақсатта жасалды, бірақ билік қолданысқа толық енгізбеді.