Қандастарды теріскейге қоныстандыру мәселесі сөз болды
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы және «Отандастар қорының» ұйымдастыруымен Тәуелсіздік пен Ұлы көштің 30 жылдығына орай дөңгелек үстел өтті
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы және «Отандастар қорының» ұйымдастыруымен Тәуелсіздік пен Ұлы көштің 30 жылдығына орай дөңгелек үстел өтті. Онда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков және Уәлихан Қалижан, Әкім Ысқақ, Марат Тоқсамбаев тәрізді қайраткерлер бас қосты.
Жиынға қатысушылар тарих беттеріне үңіліп, Елбасы мемлекет тізгінін қолына алған кеңестік дәуір кезеңінде-ақ Атажұртқа сырттағы қазақты әкелу жөнінде көп толғанғандығына тоқталып, көптеген ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды. Қолданыстағы Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу, қазақ көшінің жылнамалық шежіресін шығаруды қолға алу қажет екені айтылды. Сондай-ақ, бүгінгі Тәуелсіздігіміз бен Ұлы көштің аясында ел тарихындағы елеулі сәттер жөнінде әңгіме қозғалып, қандастарды қоныстандыру жайына кеңінен тоқталды. Жиын соңында сөз алған З. Тұрысбеков Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы қазіргі уақытта Елбасының Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында берген тапсырмасын орындау үстінде екенін жеткізді. «Өңір» депутаттық тобы мүшелері-сенаторлар Ерік Сұлтанов, Әлімжан Құртаев, Алтынбек Нұхұлы, Динар Нөкетаевалармен бірлесіп, қандастарды солтүстік өңірлерге қоныстандыру бойынша мәселені нақтылай түсуде. Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстарында іссапарларда болғанын баяндады.
Сондай-ақ, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының тікелей бастамасымен Ақмола облысының Аршалы ауданында 8 мың қандасқа арналған бір үлгідегі 1282 коттедж асар амалымен салынып жатқаны хабардар етілді. Онда 3,5 мың жұмыс орны құрылады.
– Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс күші тапшы екенін көздерімен көрді, – деп сабақтады сөзін Зауытбек Қауысбекұлы. – Әкімшілік 1300 отбасыға жер телімін бөлуге әзір, бірақ оған қолданыстағы заң нормалары мүмкіндік бермейді.
Екібастұз қаласының аумағында жеке тұрғын үй құрылысы үшін 1 мың гектар және мал шаруашылығы өнімдерін өндіру үшін 1 млн гектарға жуық жерді игеруге өңірдің әлеуеті бар. Тек заңға өзгеріс енгізу керек.
Ал Қостанай облысындағы «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ-на бүгінде 900 маман қажет. ССТӨБ оларды жұмыс күші артық өңірлерден көшіріп алуға да әзір. «СарыарқаАвтоПром» ЖШС-гі де қосымша 500 маман тартуға мүдделі. Салынып жатқан «КАМАЗ» зауыты құрылысы да 500 жұмысшыға зәру. Ауыл шаруашылығы техникасын өндіру жөніндегі өнеркәсіптік кәсіпорын «Агромашхолдинг КЗ»-ке де қосымша 180 маман жетіспейді. Сөйтіп, тек осы кәсіпорындардың ғана кадрларға деген жалпы мұқтаждығы шамамен 2200 адамды құрайды.
Сондай-ақ, «Олжа агро» кәсіпорны да оңтүстік өңірлерден 2000 отбасын көшіріп әкелуге мүдделі. Олар мүйізді ірі қараларды өсіруге жұмылдырылады.
Бұл ретте Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Қостанай облысының орта арнаулы оқу орындарында білім беріп, содан кейін жұмысқа орналастырып және жеке тұрғын үй құрылысы (ЖТҚ) үшін жер телімдері бөлінген жағдайда, оңтүстік өңірлердегі қандастар арасынан жастардың қоныс аударуын қамтамасыз етуге дайын екенін мәлімдеді.
Бұған жауап ретінде өңір басшысы Қ. Ақсақалов инфрақұрылымы әзір Петропавл қаласының «Южный», «Солнечный-1», «Солнечный-2» ықшам аудандарын көрсетіп, 1300 отбасыға жер бөлуге болатынын, бірақ оған заң көтермейтінін көлденең тартты. Біріншіден ол адамдардың өңірге қатысы жоқ әрі кезекте тұрған жергілікті адамдар бар.
Осы іссапардың нәтижесі бойынша ҚР Парламентінде 30 қарашада арнайы кеңес өтіп, онда қандастарды солтүстік аймаққа қоныстандыру жайы қаралды. Сондай-ақ, Парламентте халықты қоныстандыруға қатысты Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына өзгерістер енгізу бойынша жоба талқылануда, енді осы құжатқа ұсыныстар берілмекші. Нәтижесінде, қандастарға кедергісіз жер бөлу мәселесі шешілмек.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы өз ұсыныстарын білдірді. Ең бірінші қоныстандыру аймағын анықтау. Екінші, қандастарымыз бен жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы аймақтарға қоныс аударушыларға «Асар» бағдарламасына қатысушы мәртебесін беруі керек. Үшінші, «Асар» жобасына қатысушыларға жерді топтап бөлуі тиіс. Мысалы, бес жүз отбасын бір маңға қоныстандырса, олар өз ортасында жүріп, жаңа мекенге тез бейімделеді. Сондай-ақ, жер бірден оның меншігіне өтіп кетпейді, атына ғана тиесілі болады. Оғанға дейін жер телімдері әкімдіктердің жанындағы дербес бөлімдердің (мысалы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация «Сарыарқа») балансында тұрады. Үй толық салынып біткенде адамдардың атына ауыстырып береді. Баспана құнының 50 пайызын мемлекет төлеп, 50 пайызын азаматтар өз есебінен салады. Он жылға дейін ол үйді сатуға құқы болмайды. Тиісті қаражатты тұрғын мемлекетке қайтарғанда, баспана оның меншігіне өтеді. Әуелгіде, солтүстікке қоныс аударғаны үшін көтерме қаржы және 1 жылға жалға алатын баспана ақысы төленуі тиіс. Міне, осы тәсілді қолдана отырып, асар амалымен кешендерді қысқа мерзімде әрі сапалы салуға болады.
Сөзін қорытындылаған Зауытбек Қауысбекұлы «Осындай тәжірибе барда халықты теріскей өңірлерге қоныстандыру мен өңірді жұмыс күшімен қамту тиімді әрі жылдам жүзеге асатынына сенімдімін. Халқымызда «Жер-ана тірімізде – төріміз, өлгенде – көріміз» деген сөз бар. Кімде ел болса – жер соныкі» деп түйіндеді.
Жиын мереке қарсаңында өтіп отырғандықтан Тәуелсіздігіміздің баянды, елдігіміздің мәңгілік болуына жылы лебіздер айтылды.