Шымкентте мемлекеттік субсидияға бөлінген қаржыны жымқырған азамат ұсталды
Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотта қаралып жатыр
Шымкентте 400 миллион теңгеге мемлекеттік субсидияны жымқыру дерегі әшкере болды.
Соңғы кездері мемлекеттік субсидияға бөлінген қаражатты мақсатсыз пайдалану деректері көбейді. Мәселен, Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша аумақтық департаменті бюджет қаражатын жымқырған қала тұрғынын әшкереледі.
Тергеу көрсеткендей, заң бұзушы 2020-2021 жылдар аралығында асыл тұқымды ірі қара мал сатып алу үшін ауыл шаруашылығы кәсіпорындарымен жалған мәміле жасаған. Осыдан кейін субсидия алу үшін Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасына шарттар ұсынған.
Заңсыз әрекеттің нәтижесінде 400 миллион теңгеден астам бюджет қаражаты жымқырылды.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотта қаралып жатыр.