«Ақтөбе» клубының хоккейшілері қар құрсауында қалып қойды
Олар Қазақстан чемпионатының екінші кезеңіне бара жатқан
«Ақтөбе» клубының хоккейшілері жоғарғы лигадағы кезекті ойынға қатысу үшін жолға шығып, қар құрсауында қалып қойған, - деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «ҚазАвтоЖол»ҰҚ» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
28 спортшы Ақтөбеден Петропавл қаласына Қостанай арқылы 5 қаңтарда жол жабылғанға дейін шығып кеткен. Олар Қазақстан чемпионатының екінші кезеңіне бара жатқан. Хоккейшілермен бірге екі бапкер және екі жүргізуші болған.
Кешкісін ауа райы бұзылып, ойыншылар Тимирязев - Сарыкөл - Солтүстік Қазақстан облысының шекарасы тасжолында тұрып қалған.
Автобусты қар құрсауынан шығару үшін автогрейдер мен бульдозер көмегіне жүгінген. Тимирязев ауданының әкімі спортшылар үшін түскі ас ұйымдастырды.
«Ойын 7 қаңтарда Петропавл қаласындағы Винокуров атындағы спорт кешенінде өтеді. «Ақтөбе» және «Қызылжар» хоккей клубтары кіл мықтыны анықтайтын болады», - делінген «ҚазАвтоЖол» хабарламасында.