Шығыс Қазақстанда түрмеге тыйым салынған заттарды өткізбек болғандар ұсталды
Олар колонияға телефон, сим-карта, насыбай кіргізбек болған
Шығыс Қазақстан облысында түрме қоршауынан рұқсат етілмеген заттарды лақтырмақ болғандар қолға түсті. Бұл туралы ШҚО Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ресми мәлімдемеге сүйенсек, ОВ 156/3 колониясының қызметкерлері тыйым салынған заттарды кіргізбек болғандарды ұстаған. Түрме қоршауының маңынан 49 жастағы Өскемен тұрғыны қолға түсті. Ол түзету мекемесінің аумағына скотчпен оралған екі түйіншекті лақтырмақ болған. Оның ішінен сим-карталар, карта мен бес ұялы телефон табылды.
«Бұдан бөлек, колонияға 5 бөтелке насыбай кіргізбек болған адам ұсталды. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шақырылды. Анықталғандай, құқық бұзушы жеке көлігімен түрме маңына жетіп, насыбайды қоршау сыртынан ішке лақтырмақ болған. 30 жастағы өскемендік кінәсін мойындап отыр», – делінген департаменттің хабарламасында.