БҒМ: Студенттердің шәкіртақысын өсіру үшін бірқатар нормативтік актіні өзгерту керек
Өткен жылы Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары оқу орындары мен колледж студенттерінің шәкіртақысын 25 процентке өсіруді тапсырған болатын
Білім және ғылым министрлігі студенттердің шәкіртақысын өсіруге қатысты тапсырманың қалай орындалатынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі sputniknews.kz-ке сілтеме жасап.
Вице-министр Бибігүл Асылованың айтуынша, студенттердің шәкіртақысын 25 процентке өсіру үшін бірқатар нормативтік актіні өзгерту керек. Бүгінде министрлік осы жұмыспен айналысуда.
«Қазіргі кезде біз нормативтік-құқықтың актілерге тиісті өзгерістерді енгізіп жатырмыз. Меніңше, осы айдың соңына дейін біз сол нормативтік актілерді қабылдаймыз. Ал қаңтардың соңына дейін үлгермесек, онда қайта есептеу жасалады да, ол ақша ақпан айында толығымен төленеді», - деді Асылова астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Айта кетейік, өткен жылдың соңында жастармен кездескен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдан бастап студенттердің шәкіртақысын 25 процентке арттыруды тапсырған болатын.