СҚО-да мыңнан астам жасөспірім екпе алды
Облысқа «Comirnaty» вакцинасының 44 мың дозасы жеткізілген
Солтүстік Қазақстанда мыңнан астам мектеп оқушысы коронавирусқа қарсы екпе алды. Өңірдегі \ колледждер мен мектептердегі вакцина пункттері толықтай жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Пандемия басталғаннан бері теріскейде 2,5 мыңнан астам бала коронавирустық инфекция жұқтырды. 3 жасар сәби көз жұмды. Өңір бір айдан астам уақыттан бері «қызыл аймақта».
«Екпе салдырмас бұрын біз алдымен ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Мектептерге барып ата-аналар жиналысын ұйымдастырамыз. Кейін ата-аналар жазбаша келесімін берсе, балаларға вакцина саламыз. Науқан мектептерде де жүргізіледі. Бригададағы екпе салатын мамандар барлығы арнайы курстан өткен. Олардың барлығында екпе салуға рұқсат құжаты бар. Сонымен қатар вакцинаны емханамыздың балалар корпусында 217 кабинетте де алуға болады. Егер балада дене қызуы көтерілсе, сабақтан босатылады. Біз оларға анықтама құжатын береміз», - дейді Петропавл қалалық №3 емхананың эпидемиолог дәрігері Салтанат Төреқұлова.
Облысқа «Comirnaty» вакцинасының 44 мың дозасы жеткізілген болатын. Әсіресе дәрігерлердің балалары белсенді түрде вакцина алуда. Олардың қатарында облыстық көпбейінді аурухананың кардиологиялық блок жетекшісі Мақсат Құдратоллаевтың қыздары да бар.
«Вакцина алған адам өзі ауырмаса да вирусты тасымалдауы мүмкін екені белгілі. Өзім елімізде науқан басталғанда алғашқылардың бірі болып екпе алдым. Алайда үйге инфекция алып келуім әбден мүмкін. Сондықтан жасы 12-ден асқан екі қызым мен әйелім де вакцина алуды ұйғарды. Ол бала емізеді», - дейді Мақсат Құдратоллаев.
Соңғы мәліметтер бойынша облыста 1005 жасөспірім Pfizer вакцинасының бірінші компонентін алды. Сонымен қатар 27 жүкті және 318 бала емізетін әйел вакцинацияланды. Оларға 42 күннен кейін екпенің екінші компоненті егіледі.