Алматы әкімдігі тұрғындарды сотқа берді
Алматы әкімдігі тұрғындардың коттеджі мен жер учаскелерін «тартып алмақ»
Алматы қаласы Жер қатынастары басқармасы Наурызбай ауданы тұрғындарының бірнеше қымбат коттеджі мен жер учаскелерін өтемақысыз тартып алмақ. Басқарма тұрғындардың құжаттарын заңсыз деп тану туралы сотқа арыз да түсірген.
Тұрғындардың айтуынша, басқарма жерді сатқан компания мен сатып алған үш адамның құжаттарын заңсыз деп тану арқылы қомақты өтемақы төлеуден құтылмақ. Себебі, бұл үйлер Абай даңғылын ұзартуға кедергі келтіріп тұр. Жауапкер ретінде сотқа келген Айгүл Барлыбаева 10 соттық жерді «U.C.Company» ЖШС-дан 2011 жылы сатып алып, 200 мың долларға салған коттеджінен айырылып қалудың аз-ақ алдында тұрғанын айтып шағымданды.
«Шұғыла шағын ауданындағы жерімізге құжат жасау үшін жоғарғы сотқа дейін бардық. Ақыры 2016 жылы жерімізге мемлекеттік акт алдық. 2018 жылы ресми түрде үйімізді заңдастырдық. Сол кезде құжатты заңдастыру кезінде рұқсат берген мекеменің бірі осы жер қатынастары басқармасы болған. Енді олар өз шешімдеріне қарсы шығып, бізді қайта сотқа беріп отыр. Осы үйде тіркеудеміз, тұрамыз деп ойладық. Баспанамызды 100 миллион теңгеге бағалаймыз. Егер мемлекетке қажетті деп тауып, өтемақысын төлесе неге бермеске?!» - деді Айгүл Барлыбаева.
Жер қатынастары басқармасы тағы да бір зәулім үй салып алған Лариса Нам мен екі жер телімі бар Татьяна Федорова есімді азаматшаны да сотқа берген. Басқарма кезінде 4,2 гектар аумақты 10 соттықтан 50 жер теліміне бөлген «U.C.Company» ЖШС мен тұрғындар арасындағы сату-сатып алу келісім шартының күшін жоюды да соттан талап еткен. Ал компанияның заңгері мен тұрғындар өзара келісім шартты кезінде қалалық Әділет департаменті заңды түрде тіркегенін көлденең тартты.
«Үш балам бар. Үйіміз үш қабатты. 2012 жылы салдық. Баспананы тұрғызуға 140 млн теңге жұмсадық. Құжаттарымыз заңды, архитектура, әділет басқармасы, жер қатынастары, өзге де мекемелердің талабын орындап, құжаттарымызды түгендедік. 2018 жылы сот арқылы толық заңдастырдық. Отбасымызбен осы үйге тіркеуге тұрдық. Қиындықтан енді құтылдық деген кезде үйімізді өтемақысыз алу үшін сотқа шақырды», - деп ренішін білдірді Лариса Ким.
Тұрғындардың құқығын қорғауға келген заңгер-консультант Индира Әлімжанова, тексеріс жүргізген прокуратура Абай даңғылын ұзартуға кедергі келтіріп тұрған екі тұрғын үйдің иелеріне жерімен қоса өтемақы төлеу туралы шешім де қарастырған. Бірақ ол да орындалмай жатыр дейді. Азаматтық істі Наурызбай аудандық мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Нұрлан Қалиев қарап жатыр. Алайда жауапкер Т.Федорова мен Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы өкілдерінің келмеуіне орай судья істі 17-қазанға бірақ шегерді.
Ал Жер қатынастары басқармасының өкілі соттан соң тілдесуден бас тартса, аталған мекеменің басшылары мәселеге тек сауалхат арқылы ғана жауап беретіндерін жеткізді.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы