Қызылжарда 13 мың гектар қайыңды орман шіріп кетті
Мұндай құбылыс Солтүстік Қазақстан облысының барлық аймақтарында бар
Солтүстік Қазақстан облысының аумағында 13,5 мың гектар қайыңды орман шіріп кетті. Табиғат байлықтарын көзінің қарашығындай сақтауға тіис мемлекеттік мекемелер бұл проблема алдында шарасыздық танытып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Қызылжар өңірінің мақтанышына айналған қайыңды ормандар біртіндеп тіршілігін жойып жатыр. Бір ағаштың өсіп-өнуіне ондаған жыл кететінін ескерсек, табиғатқа айтарлықтай зиян келгенін ұғыну қиын емес.
«Солтүстік Қазақстан облысының орман қорын зерттеу кезінде 13,5 гектар алқаптың шіріп кеткені анықталды. Бұл құбылыс жер асты суларының көтерілуінің әсерінен болып жатыр. Ылғалдың көбеюінің себебі белгісіз. Бұл табиғи процесс болғандықтан, ағаштарды сақтап қалу үшін біз ештеңе істей алмаймыз. Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен бірігіп талдау жұмысын жүргізіп жатырмыз. 2014 жылдан бері суда тұрған ағаштар бар. Оларды кесу мүмкін емес», - дейді Орман шаруашылығы және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім жетекшісі Василий Лобанчук.
Мұндай құбылыс Солтүстік Қазақстан облысының барлық аймақтарында бар. Әсіресе Мамлют, Есіл, Мағжан Жұмабаев аудандарында көп ағаш шіріген. Жапырағынан айрылып, жалаңаштанған тұтас ормандар алыстан көзге түседі. Мамандар ағаштардың жаппай құруының бірнеше себебін атады.
«Климаттың өзгеруінің салдарынан ылғал көбейіп жатыр. Қайыңды ормандар еңіс жерлерде өседі. Сондықтан ойға су жиналады. Қазір шаруашылықтар алқаптарды орманға дейін тақап жыртып тастайды. Бұл да гидрологияның бұзылуына себеп. Су жан-жаққа кетпей, бір орында тұрып қалады да, ағаштарды шірітеді. Екі жыл қатарынан жапырағын жұлдызқұрт жеп қойған ағаштар да өліп қалады. Ормандарды құтқарудың бір жолы – тамыры суды көп сіңіретін көшеттер отырғызу. Мәселен, қандыағаш. Ол ылғалды жақсы көретіндіктен, батпақты жерлерді жақсы құрғатады», - дейді эколог Тимур Зверяченко.
Мамандар шіріген ағаштардың өзі экологияға қауіп төндіретінін айтады. Табиғатта қураған бұталармен қоректенетін құрттар бар. «Өлі» ормандар оларға таптырмас олжа. Мұндай ортада зиянкестер тез көбейеді. Одан кейін маңайдағы сау ағаштарды жеуді бастайды.
Солтүстік Қазақстан облысында 550 мың гектар қайыңды орман бар. Жауапты мекемелер қол қусырып отыра берсе, табиғат берген сол байлықтан айрылып қалу қаупі төніп тұр.
Жалпы, биыл Солтүстік Қазақстан облысының ормандары айтарлықтай шығынға батты. Жазда болған дала өрті салдарынан 30 гектар орман жанып кетсе, браконьерлер жүздеген түп ағашты отап тастаған. Оларға рұқсатты заңсыз берген шенеуніктер биыл ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі орманды браконьерлерден және дала өртінен сақтау мақсатында 1,8 миллиард долларға әуе патрулі жүейесін жүзеге асырмақ. Яғни, еліміздің үш облысындағы (СҚО, Павлодар және Қостанай) ормандарды инспекторлар тікұшақ арқылы бақылайтын болады.
«Орманды өрттен сақтаудың ең тиімді жолы – оларды әуеден бақылау. Әлемнің орманды мемлекеттерінің басым көпшілігінде әуе патрулі жақсы жолға қойылған. Мәселен, АҚШ, Канада, Испания, Оңтүстік Корея және Ресей билігі орман өрттерімен күресті әуеден жүргізеді. Осынау халықаралық озық тәжірибені өзімізде жүзеге асыру мақсатында және авиацияны орман өртін сөндіруде тиімді пайдалану үшін авиапатруль жүргізілетін орман алқабын 8,8 гектардан 9,5 гектарға дейін ұлғайттық. Қазір солтүстік облыстарда ғана әуе патрулі жүргізілсе, келер жылы батыс пен оңтүстік облыстарын да қамтитын боламыз. Авиациялық патруль тек орманды ғана емес, сондай-ақ, ондағы жан-жануарлар әлемін қорғауға да жұмыс істейді. Бұл үшін бюджеттен қосымша 1,8 миллиард теңге бөлініп отыр», - дейді Алуыш шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев.
Оның айтуынша, 2018 жылы облыс әкімдерімен бірлесе отырып, орманды алқаптардың аумағын 2030 жылға дейін кеңейту үшін жоспар әзірленген. Оның аясында жвл сайын елімізде 10 гектар алқапқа ағаш көшеттері отырғызылады. Былтыр жаңа егілген орман алқабының көлемі 52,7 мың гектарды құраған.
Айта кетейік, Алматыдағы «Бутаковка» аталып кеткен шатқалда да мыңдаған түп ағаш қурағандықтан, амалсыз кесіліп жатыр. Орманшылар соңғы бірнеше күнде 2 мыңнан астам ағашты кескендерін айтып отыр. Іле-Алатау ұлттық саябағының қызметкерлері бұл ағаштар кеселге ұшыраған дейді. Егер оларды түбімен кесіп тастамаса, маңайындағы өзге дарақтарға ауру түсіп, жүздеген, тіпті, мыңдаған гектар орман қурап кетуі әбден мүмкін.
«Бұл қауіпсіздік үшін жасалып жатқан шара. Біз өзге сау ағаштарды аман алып қалу үшін осындай кесу жұмыстарын жүргіземіз. Сондай-ақ, қураған ағаштар өрт қауіпсіздігін тудыруы мүмкін», - деді Іле-Алатау ұлттық паркінің инспекторы Роман АБУЕВ.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО