Митинг кезінде балалар құқығын қорғайтын заң керек – сенатор
Бала құқығы жөніндегі бұрынғы омбудсмен Сәуле Айтпаева ата-аналарымен бірге митингке шығатын балалардың құқығын қорғайтын заң қабылдауды сұрады
Бүгін Сенат отырысында депутат, бала құқығы жөніндегі бұрынғы омбудсмен Сәуле Айтпаева ата-аналарымен бірге митингке шығатын балалардың құқығын қорғайтын заң қабылдауды сұрады. Оның себебін сенатор соңғы уақытта заңсыз қарсылық акцияларына 18-ге толмаған балаларын ертіп шығатындардың көбейіп кетуімен түсіндірді.
«Кішкентай балалалар көшеде күннің, жаңбырдың астында сағаттап тұруға мәжбүр. Осылайша ата-аналар өз перзенттерінің құқықтарын бұзып жүр. Ал адам көп жиналатын заңсыз митингтерде қылмыс та орын алуы мүмкін. Бұл балаға өте қауіпті», - деді ол.
Бұл ретте депутат «Балалар құқығы жөніндегі конвенцияға» сәйкес мемлекет ата-аналармен бірге баланың құқығын қажетті деңгейде қорғап, соған сай заңдар қабылдап отыруға міндетті екенін алға тартты. Заңға өзгеріс енгізгенде азаматтың өз еркімен әрекет жасауына 18 жастан бастап қана құқық берілетінін ескеру керектігін айтты.
Еске салайық, 21 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында өткен заңсыз митингке ата-анасының көзінше жасөспірім қыз ұсталған. Кейін полиция оның 2000 жылғы, яғни кәмелетке толған азамат екенін мәлімдеді.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан