Нұр-Сұлтанда бір тәулікте 75 жол апаты болды
Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері жүргізушілерге жолда мұқият болуды ескертеді

Елордада өткен тәулік ішінде 75 жол-көлік оқиғасы тіркелген, соның салдарынан бір адам зардап шекті. Таңғы сағат 08.00 бастап 51 жол-көлік оқиғасы болып, қала тұрғындарының бірі жарақат алды. Бұл туралы Azattyq Rýhy қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Осы жылдың 21 қарашасында сағат 21:20 шамасында «Skoda Rapid» маркалы автокөліктің 26 жастағы жүргізушісі Қ.Мұхамедханов көшесімен жүріп келе жатып, басқа қатарға ауысқан кезде жолай келе жатқан көлік құралына жол бермеген. Нәтижесінде 22 жастағы жүргізушінің басқаруымен «Mercedes-benz 240c» маркалы автокөлігімен соқтығысуға жол берген, соның салдарынан «Mercedes-benz 240c» маркалы автокөлігі аударылып кетті. ЖКО салдарынан зардап шеккендер жоқ.
«Skoda Rapid» жүргізушісіне қатысты ҚР ӘҚБК 610-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Материал Нұр-Сұлтан қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жіберілді», - делінген ведомство хабарламасында.
Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті ауа-райының қолайсыздығына байланысты жүргізушілерге қозғалыс кезінде барынша мұқият және сақ болуға, жылдамдық режимін, қауіпсіз қашықтықты және маневр жасау ережелерін мүлтіксіз сақтауға шақырады. Жаяу жүргіншілерге өте мұқият болу керектігін ескертеді.