Елордада бірнеше көлікке қасақана зақым келтірген азамат ұсталды

Azattyq Rýhy

Ол өзінің мұндай әрекетке бару себебін түсіндіре алмады

Фото ашық дереккөзден

Елорданың ЭКСПО қалашығы ауданында бірнеше көлікті қасақана зақымдаған ер адам ұсталды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

«18 қараша күні сағат 00.58-де «102» пультіне белгісіз ер азаматтың қаңтарылып тұрған көліктерді теуіп жатқаны туралы хабар келіп түсті. Тұрғындар бұзақыны өз күштерімен ұстап, полиция қызметкерлеріне тапсырды. Ол 30 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Оның бұзақылық әрекетінен 6 көлікке зақым келген. Олардың иелері полицияға жүгінді. Залал сомасы анықталып жатыр», - деп мәлімдеді департаменттің баспасөз қызметі.

Полицияның хабарлауынша, жігіттің қолға түскен кезде мас болғаны сараптама қорытындысы бойынша дәлелденген.

«Полиция бөлімшесінде жігіт өзінің бұзақылық әрекеттеріне не түрткі болғанын түсіндіріп бере алмады. Аталған факті бойынша ұсталған азаматқа қатысты қылмыстық кодекстің 293-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Полиция бөтеннің мүлкін бүлдіргені үшін жауапкершілік бар екенін еске салады», - делінген хабарламада.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.