$ 513  541.16  4.69
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Халық қазынасына қол салатын футболшыларға миллиардтарды шашуды тоқтату керек – Мәжіліс депутаты

ФИФА рейтингісі бойынша Қазақстан 125-орында, ал ТМД бойынша футбол бюджеті ең аз Қырғызстан 96-орында

Халық қазынасына қол салатын футболшыларға миллиардтарды шашуды тоқтату керек – Мәжіліс депутаты
Фото ашық дереккөзден

Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса еліміздегі футболға қатысты проблеманы қозғап, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазақстан Франциядан 0:8 есебімен масқара болып ұтылғаннан кейін аймақтардағы футбол клубтарына 71 млрд теңге жұмсалғаны, тек «Астананың» өзіне 15 млрд бөлінгені туралы БАҚ жарыса жазып жатыр. Бірақ нәтиже қайда? Футбол федерациясының бас хатшысы «Біз бюджеттен қаражат алмаймыз, тек 200 млн теңге алдық, ал жеңілістің себебі – жақсы футболшылардың тапшылығы» деп жауап берді. Федерация бюджеттен қаражат алмаймыз дейді, бірақ миллиардтарды осы федерацияға кіретін кәсіпқой клубтар облыс әкімдіктері арқылы алып жүр. Соңғы үш жылда облыс әкімдіктері кәсіпқой клубтарға бөлген қаржысының өзі аз емес – 111,2 млрд. Ал федерацияға республикалық бюджеттен, УЕФА-дан, «Самұрық Қазынадан», демеушілерден бөлінген қаражатты қосар болсақ, оның есебі жоқ. Себебі ресми мәлімет жоқ», - дейді Мәжіліс депутаты.

Сөзін жалғай отырып, Transfermarket.com сайтында жалпы бөлінген қаражат 133 млрд теңге деп көрсетілгенін айта келе жақсы футболшылардың тапшылығы – өз ойыншыларымызды дайындаудың орнына шетелдіктерді байытып жүргенімізді айтып өтті.

«Премьер-лигадағы 371 ойыншының 150-і – легионер. Оған бірінші лигадағы тағы 16 ойыншыны қосыңыз. Халық қазынасы қазақ футболын дамытуға емес шетел футболшыларын байытуға жұмсалып жатыр. Қазақстан 30 жылда бір ғана стадион салса, бізден футбол бюджеті екі есе аз Өзбекстан 10 стадион салды. ФИФА рейтингісі бойынша Қазақстан 125-орында, ал ТМД бойынша футбол бюджеті ең аз Қырғызстан 96-орында. Бразилияға алақайлап жіберген 78 балақайдың қазір біреуі де футбол ойнамайды. Есепсіз миллиардтарды далаға шашамыз, бірақ гол жоқ, ал ауылдарда қаржы тапшылығынан жол жоқ. Әлемдік рейтингте ешбір футбол клубымыз 100 үздік команданың қатарына кірмейді. Ал «Астана» тек 186-орында ғана тұр. Бірде бір футболшымыз трансферлік құны бойынша алғашқы 500-дікке кірмейді», - дейді Қазыбек Иса.

Мәжіліс депутаты сөзін жалғай отырып, бюджеттің қыруар қаражаты Франциядан ұтылғандай әлемге масқара болу үшін жұмсалып жатыр ма деп өзекті проблеманы қозғап өтті. Кеткен 133 млрд теңгеге кемінде 133 мектеп салуға болатынын тілге тиек етті.

«Гол салмайтын, халық қазынасына қол салатын, қол салса да мол салатын футболшыларға миллиардтарды шашқанды тоқтату керек. «Ақжол» партиясының ұсыныстары:

  • Бірінші. Футбол – бизнес. Әлемде кәсіби спорт мемлекеттің мойнына мініп алмайды. Футбол клубтарының бәрін жекешелендіріп, мемлекеттен қаржыландыруды тоқтату қажет.
  • Екінші. Мемлекет қаржысы балалар мен жасөспірімдер мектептеріне, футбол мектептерін дамытуға, балалар бапкерлерін дамытуға жұмсау керек. Ауылдағы талантты балаларға жағдай жасау қажет. Аудандарда, қала маңында тегін футбол алаңдарын салу керек. Секциялардағы жаттықтырушылардың жалақсын педагогтармен теңестіру керек.
  • Үшінші. Футбол индустриясын, менеджментін, маркетингін дамытып, футбол мамандығын, жаттықтырушыларын, кадрын дайындап, футбол академиясын қалыптастыру керек.
  • Төртінші. Осы уақытқа дейін футболға кеткен қаражаттың есебі берілуі керек. Себебі ол халықтың қаржысы. Футбол клубтарына жыл сайын қанша қаржы бөлінді, Футбол федерациясына УЕФА-дан жыл сайын қанша қаражат бөлінді, қайда жұмсалды, осының бәрін ел білуі тиіс», - деп Мәжіліс депутаты еліміздегі өткір проблемалардың бірін көтерді.
Серіктес жаңалықтары