«Көше беру оңай ма?» - ұшақ құлаған аумақтың тұрғындары үйлерін тастап кетуге дайын емес
«Аzattyq-ruhy» тілшісі ұшақ апаты болған аумақта орналасқан үй иелерімен тілдесіп қайтты
Ұшақ құлаған аумақтағы үйлердің тұрғындары баспанасын тастап, басқа жерге көшуге дайын емес. Олар бейнетпен салған үйлерін тастап, тағы да пәтер жағалап жүргілері келмейді. Апат болған аумақта қазір төрт отбасы тұрып жатыр. Үшеуі толығымен біткен үй болса, бірі «времянка».
«Bek Air» әуе компаниясынна тиесілі Fokker-100 ұшағы соғылған Решет Қалибекке тиесілі үйдің орнында қазір тек үйінді ғана жатыр. Төтенше жағдай кезінде жартылай қираған екі қабатты үйді бүгінде толықтай құлатып тастаған.
Ал ұшақ қиратып кеткен әуежайдың бетон қоршауы жаңадан тұрығызылған. Атын атағысы келмеген әуежай қызметкері қоршаудың жаңадан тұрғызылып, бетонның үстіне тікенек темір тартылғанын, құрылыс материалдарын жинауға келгендерін айтты. Бетон қоршаудың жұмысы 31-желтоқсан күні аяқталған.
«Біз мына қашаны тұрғызып болдық. Қазір кетеміз. Бәрін жаңадан қойып шықтық. Тірек ағаштарын алып жатырмыз», - деді оператор камерасына жақындағысы келмеген әуежай қызметкері.
Ұшақ құлаған жерден небәрі 30 метр жерде тұрып жатқан Айдана оқыс оқиғадан кейін үреймен өмір сүріп жатқанын айтты. Ол бұл жерді үш жыл бұрын ата-енесі, інісі бәрі бірлесіп сатып алған. Үйді салуға шамамен 7-8 миллион теңге жұмсаған.
«Тұрып жатқанымызға екі жыл болды. Екі балам бар. Інім де отбасымен осында тұрады. Үйді салуға 7-8 миллион теңге кетті. Жерді осыдан үш жыл бұрын сатып алдық. Құдай сақтасын деп отырмыз. Әуежайдың қоршауын ары қарай сырғытсын. Ол жақта да жер бар ғой. Үйді салу үшін қаншама еңбектендік. Енді біткенде көшу де оңай емес. Көшкенде қайда барамыз? Көше беру оңай ма? Салған үйімізді де қимаймыз. Көшіреміз десе, алдымен үй берсін», - дейді Айдана Жұмаділқызы.
Әуежайдың қоршауына жақын орналасқан аумақта барлығы 13 үй бар. Салынып жатқан үйлердің көбі толық аяқталмаған. Араларында іргетасы енді қаланған жер учаскелері де бар. Талғар аудандық әкімдігінің айтуынша, алдағы уақытта арнайы құрылған комиссия бұл аумақтағы тұрғындарға қатысты нақты бір шешімге келмек. Бұған дейін Талғар ауданы әкімінің орынбасары Ахмет Әшімақынұлы ұшақ құлаған аумақта тұратын өзге де үйлерді басқа жаққа көшіру/көшірмеу мәселесі комиссия шешімінен соң белгілі болатынын айтқан еді.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы