«Арманын орындадым»: Дамир Құсайынның анасы марқұм ұлының неліктен Канадада жерленгенін түсіндірді
Жол апатынан қаза тапқан қазақ студенті Канадада жерленді
Бұл ұлының тілегін орындаған анасының шешімі. Бұл туралы канадалық ақпарат құралдарына сілтеме жасап, Azattyq ruhy tv хабарлайды. Жантүршігерлік жол апатынан қаза тапқан Дамир Құсайынмен қоштасу өзі білім алған Сентенниал колледжінде өтті. Қаралы жиынға оқу орнының басшылығы, студенттер мен Қазақстаннан барған марқұмның анасы мен ағасы қатысты. Сенбі күні өткен қоштасу рәсімінде Дамир Құсайынның анасы ұлының ағылшын тілінде өлең жазып, әнмен әуестенетіндігін, тіпті Канада азаматтығын алуды армандағанын айтты.
«Канадада оқу Дамирдің үлкен арманы болатын. Балам туралы қаралы хабар жеткенде: « маған хабарласып тұрған адам нөмірмен шатасып кетсе екен» деп ойладым. Келесі күні ауруханадан бір шықтым. Күйзеліске түсіп, орнымнан қозғала алмай қалдым»,- деді Гүлжан Бұхарова.
19 жастағы Дамир Құсайын оқуын бітірген соң Торонто қаласында қалуды армандаған. Сондықтан марқұмның анасы ұлын Канадада жерлеуді шешіпті. Бұған дейін еліміздің Сыртқы істер министрлігі марқұмның мәйітін туған жерге жеткізуге көмектесетінін, жол шығынын сақтандыру компаниясы өтейтінін мәлімдеген еді.
Дамир робототехника мамандығының 1 курсына қыркүйек айында қабылданған. Сентенниал коледжіне қарасты жатақхана директоры Мэтью Флемингтің айтуынша, қазақ студенті ақкөңіл, көпшіл, тез тіл табысқыш болатын деп еске алады. Сондықтан колледж басшылығы Дамир Құсайын атындағы 500 долларлық стипендия тағайындады. Алғашқы шәкіртақы иегері биыл анықталуы тиіс.
Айта кетейік, 22 желтоқсанда Торонто қаласында рөлге ие бола алмаған жүргізуші жол жиегінде кетіп бара жатқан студенттерді қағып кеткен.
Жол апаты салдарынан Дамир Құсайын мен қытайлық студент көз жұмды. Тағы бір студент тірі қалғанымен хәлі тым ауыр. Ал мас жүргізуші қамауға алынып, оған қатысты бірнеше бап бойынша қылмыстық іс қозғалған.