$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
05.01.2020, 21:07
Жаңалықтар

Bek Air басшысы: Апатқа компания кінәлі деп танылса, түрмеге отыруға дайынмын

Нұрлан Жұмасұлтанов мәлімдеме жасады

Bek Air басшысы: Апатқа компания кінәлі деп танылса, түрмеге отыруға дайынмын
Фото: ашық дереккөзден

«Bek Air» әуе компаниясының басшысы Нұрлан Жұмасұлтанов блогер Дмитрий Дубовицкийге берген сұхбатында ұшақ апаты үшін жауап беруге дайын екенін жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі sputniknews.kz-ке сілтеме жасап.

Компания басшысының айтуынша, ұшақтың техникалық жағдайы жақсы болған. Себебі әуе кемесі қоршауды бұзған кезде екі қозғалтқышы да істеп тұрған. Ұшқыш та қателік жібермеген. Өйткені ол ұшақты аудармай, шассисіз жерге қондыра білді. Ал апаттың негізгі себебі ілеспе ауа ағыны болуы әбден мүмкін. Оны «құйынды із» деп атайды. Ұшақтар бірінен соң бірі әуеге көтерілгенде алдыңғысы өзінен кейін қатты айналып тұратын ауаның ізін қалдырады. Оған түскен кейінгі ұшақ тербеліп-шайқалып, басқаруға бағынбай кетеді. Сол күні Fokker 100-дің алдында Airbus 321 ұшқан көрінеді. Екеуінің арасында 1 минут уақыт болған. Бірақ диспетчер тағы бір минуттай күтіп, Fokker 100-ге ұшуға рұқсат беріпті.

Компания басшысы апаттың хронологиясын да айтып берді. Оның мәліметінше, ұшақ 10 метрлік биіктікке көтерілгенде тербеле бастаған. Ұшқыш тепе-теңдікті ұстап қалуға тырысқан. Ол кезде шассиді инструкция бойынша кіргізіп қойған. Тербеліп келе жатқанда ұшақтың бір қанаты жерге тиген. Видеода алыстан оттың шыққаны да содан. Ал ұшқыш әуеге көтеріле алмайтынын түсінгенде шассисіз қондыруға шешім қабылдаған. Содан әуежайдың қоршауын бұзған. Тағы 40-50 метр болғанда тоқтайтын еді. Бірақ қоршауға жақын тұрған үйге соғылды.

Ал сөз соңында ұшақ апаты үшін өз басымен жауап беруге дайын екенін мәлімдеді.

«Компания кінәлі деп танылса, мен өз жігіттерімді жығып бермеймін. Олар үшін өзім отырып келемін, менің қарамағымдағы адамдардың ішінде біреуі де түрмеге отырмайды. Қаза болған ұшқышты да кінәлай алмаймыз. Себебі ол ұшақты басқара білді. Оның басшыларын, ұшу мен инженерлік қызмет бар, оларды да жығып бере алмаймын. Bek Air-ден біреу жауап беруі керек деген мәселе туындаса, өзім жауап беремін, кінәні мойындауға дейін барамын. Мен түрмеге отыруға дайынмын», - дейді Жұмасұлтанов.

Естеріңізге сала кетсек, 27 желтоқсан күні Bek Air әуе компаниясының «Алматы – Нұр-Сұлтан» бағытындағы Fokker 100 ұшағы Алматы маңына құлап, 12 адам қаза тапқан болатын.

Серіктес жаңалықтары