Үйіне ұшақ құлаған азаматқа өтемақы төленеді - әкім
Ұшақ апаты болған жерде жүргізілген тергеу жұмыстары аяқталды
Талғар ауданының әкімі Жолан Омаров үйіне ұшақ құлаған азаматқа өтемақы төленетінін айтты. Үй иесі Ришат Қалибектің жер учаскесіне жеке меншік құқығын беретін мемлекеттік актісі бар, алайда салған баспанасына әлі құжат жасатып үлгермеген. Аудан әкімі үйдің құжаты болмаса да, құрылыс шығыны төленетінін айтты.
«Келтірілген залалдың бәрі төленеді. Ришат (үйдің иесі - ред.) еш уайымдамасын. Ришатпен хабарласып отырмын. Қасындағы басқа кісілерге де осындай залал келтірілсе, оларға да төленеді. Қаржы мемлекет тарапынан бөлінеді. Қазіргі сәтте жедел құрылған комиссия жердің қай жылы берілгенін, нысаналық бағытының өзгертілгенін тексеріп жатыр. Ұшу аумағына жақын орналасқандықтан, ол жер қорғау аймағы болу керек еді», -деді Алматы облысы Талғар ауданының әкімі.
Әкімдіктің дерегіне сенсек, ұшақ апаты болған аумаққа бүгінде 13 тұрғын үй салынып үлгерген. Талғар ауданына тиесілі жер әу баста ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылуы тиіс болған. 2012 жылы жекеменшікке беріліп, кейін қосалқы шаруашылық жүргізу құжаты жасалған. Ұшау алаңына жақын орналасқан аумақтың бас жоспары 2016 жылы қайта өзгертілген. Пайдалану, қолдану мақсаты бірнеше рет өзгертілген жердің жалпы көлемі - 1,3 гектар. Қайғылы оқиға болған аумақтың жекеменшік қолға қалай өтіп кеткені туралы ақпараттар мен құжаттарды әкімдік прокуратура мен жемқорлық агенттігіне берген.
«Апат болған сәттен бастап жедел штаб құрылды. Сол жерде жұмыс істеген қызметкерлерді үш күн жылы шатыр, ыстық тамақпен қамтамасыз еттік. Барлығы екі мыңнан астам адамды ас-сумен қамтыдық. Бұл аумақта тұрып адамдардың барлығында жерге қатысты меншік құжаттары, актілері бар. Қолдарында. Ешқайсысы уайымдамасын. Үй иесі (ұшақ құлаған үй - авт.) облыс әкімінің бақылауында», - деді аудан әкімі.
Қазір әуежайға жақын орналасқан өзге де үйлердің мәселесі қаралып жатыр. Тек бүлінген Ришат Қалибектің үйі ғана емес, сол аумақта тұратын өзге де үйлерді басқа жаққа көшіру/көшірмеу мәселесі комиссия шешімінен соң белгілі болады. Ал Талғар ауданы әкімінің орынбасары Ахмет Әшімақынұлы сәт сайын көкке көтерілетін ұшақтардан шыққан түтін мен газ әуежай маңында тұратын жандардың денсаулығына зиян келтіріп жатқанын айтты.
«Ол жерде тұру қауіпті. Басқа өңірден жер беру жағын қарастырамыз. Негізі үй салуға болмайды. Әр ұшақ ұшқан сайын қалдық шығады. Ол көзге анық көрінбегенмен, тұрғындардың денсаулығына зиян», - дейді Алматы облысы Талғар ауданы әкімінің орынбасары Ахмет Әшімақынұлы.
Ұшақ апаты болған жердегі тергеу аяқталып, ғимараттың үстіне құлаған ұшақтың қалдығы бүгін әуежайға қайта апарылды.
Үйіне ұшақ құлаған Ришат Қалибек Алматы облысы Талғар ауданына қарасты жер телімін 2014 жылы сатып алған. Аумағы 6 соттық жерге үй салуды осыдан 5 жыл бұрын бастаған. Биыл кіруді жоспарлаған, алайда коммуникация тартылмағандықтан әлі көшіп бармаған екен.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы