Елімізде соңғы екі айда КВИ ауруы 3,4 есеге төмендеді – ДСМ
Соңғы үш айда науқастар саны 2,3 есеге азайды
Қазақстанда соңғы екі айда аурушаңдық 3,4 есеге, ал өлім-жітім 4 есеге төмендеді. Республика бойынша 1 тамыздан бастап инфекциялық төсектердің қамтылу деңгейі 56-дан 30%-ға дейін, реанимациялық төсектердің 45-тен 26%-ға дейін төмендегені байқалады. Бұл туралы Azattyq Rýhy Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Резервте 30 мыңнан астам төсек-орын бар. Емдеуді жалғастырушылар санының азаюы бойынша оң динамика байқалады, соңғы үш айда науқастар саны 2,3 есеге азайды.
«Коронавирустық инфекцияның таралу қарқыны бойынша «жасыл аймақта» Шымкент қаласы, Ақтөбе, Атырау, Алматы, Батыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстары, «сары аймақта» - Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Ақмола және Қарағанды облыстары орналасқан.
«Қызыл аймақта» Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары қалады», - делінген министрлік хабарламасында.
Бүгінгі таңда 8,5 млн адам бірінші компонентпен, 7,7 млн адам екінші компонентпен егілді.