«Жел линолеумнің астынан уілдеп тұр»: Шымкентте салынған жаңа үйлер сыр берді
Шағын ауданының құрылысына 682,8 млн теңге жұмсалған болатын
Видеода көпқабатты үйдің сыртқы бөлігінің материалы құлау алдында тұрғаны анық көрінеді. Тұрғындар терезелерінің сынып кетуіне алаңдаушылық білдіріп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ал пәтер ішіндегі жағдай тіптен мәз емес. Сырттағы жел еденнің астынан уілдеп, линолеумнің жөнді жапсырылмағанынан сыр беріп тұр. Ал кейбірінде терезелері де сынған.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі үйдің құрылысына қатысты кем-кетіктерді мердігер компания қайта жөндейтінін хабарлады.
«2019 жылы пайдалануға берілген Шымкент Сити шағын ауданында (189-орам №5 тұрғын үйде) желдің салдарынан қасбетте болған кемшіліктер мердігер мекеме «ҚазМедеоГранд» ЖШС тарапынан қалпына келтірілуде. Кепілдік мерзімі 5 жыл», - деді әкімдііктің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Шымкент Сити шағын ауданының құрылысына 682,8 млн теңге жұмсалған болатын.