Сәкен Бибосынов бокстан әлем чемпионы атанды
Бибосынов карьерасында алғаш рет әлем чемпионы атанып отыр
Бокстан Токио Олимпиадасының жүлдегері Сәкен Бибосынов Белградтағы әлем чемпионатында топ жарды, деп хабарлайды Prosports.kz.
51 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен қазақстандық боксшы финалда америкалық Роско Хиллмен жұдырықтасты. Сәкен үш раунд бойы сенімді өнер көрсетіп, қарсыласын 5:0 есебімен жеңді.
Осылайша, Бибосынов карьерасында алғаш рет әлем чемпионы атанып отыр.
Сәкен жартылай финалда таиландтық Тханарат Саенгпфетті жеңген еді. Ал оның алдында өзбекстандық Хасанбой Дусматовтан, үндістандық Дипактан, колумбиялық Ривас Мартинестен басым түскен.
Ал 57 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Серік Теміржанов финалда америкалық 18 жастағы Джамал Харвиден төрешілер шешімімен жеңіліп қалды. Осылайша, Теміржанов Белградтағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Еске салайық, қазақстандық Теміртас Жүсіпов те әлем чемпионатының алтын медалін иеленген. Құрама қоржынында екі алтын медальдан бөлек, бір күміс, бір қола жүлде бар.