Алматыда тұрғын үйлерді табиғи газға заңсыз қосып беретін компаниялардың саны азаймай отыр
Нәтижесінде газды қолдану барысында өрт шығып, жарылыс болып жатады
Алматыда монтаждау компаниялары тұрғын үйлерді табиғи газға заңсыз қосуын қояр емес. Мегаполисте ондай 50-ге жуық компания бар, деп хабарлайды 24.kz арнасы.
Тұрғындардың 80 пайызы газға қосу туралы өтініштерін әбден күн суытқанда алып келеді. Соның салдарынан кезекте тұрып қалады. Кезекті күткісі келмейтіндер өз бетінше қосып беретін басқа ұйымдармен келіседі. Нәтижесінде газды қолдану барысында өрт шығып, жарылыс болып жатады. Сондықтан «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы Алматы өндірістік филиалының қызметкерлері үнемі рейд жасап, заңсыз қосылған үйлерді анықтап отырады.
Тек бір күннің ішінде «ҚазТрансГаз Аймақтың» мамандары бірнеше заң бұзушылықты анықтады. Соның бірі «Өжет» ықшам ауданындағы жекеменшік балабақша. Балабақша басшылығы Азиз деген әлдібіреуге қомақты ақша төлепті. Оның біліктілігі төмен болып шығады. Біріншіден, газ құрылғысын ғимараттың ішіне қояды. Қауіпсіздік ережесіне байланысты ол ғимараттан алты метр алыста тұруы қажет. Екіншіден, құбырды балабақша қабырғасына тақап жүргізеді. Мұндайда газ шықса адамдар улануы мүмкін.
Күн суытқан соң жекеменшік үйлердің иелері де көгілдір отынға кезектен тыс әрі арзан бағаға қосылғылары келеді. Сондықтан есептеуіш құралдарынан тыс қосып береміз деп уәдені үйіп-төгетін күмәнді компанияларға хабарласады. Көп жағдайда алаяқтарға алданып жатады.
Газ құбырына немесе пешіне салғырт қараудың соңы көп жағдайда қайғылы оқиғаға алып келеді. Тек былтырғы жылыту маусымында елімізде 100-ден астам адам газдан уланып зардап шексе, 50 адам қаза тапты.