$ 522.42  543.89  5.28
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

ОПЕК+ мұнай өндіру көлемін арттыру туралы шешімге келді

Қазақстанның желтоқсан айындағы міндеттемелері тәулігіне 1,556 млн баррельді құрайды

ОПЕК+ мұнай өндіру көлемін арттыру туралы шешімге келді
Фото ашық дереккөзден

ОПЕК+ қатысушылары желтоқсан айында өндірісті 400 мың баррельге дейін көбейту туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

ОПЕК-тің ресми сайтында кездесудің тиісті коммюникесі шықты. Көптен күткен кездесу бұл жолы да қазан айындағыдай «жұмсақ» жағдайда өтті. Келесі кездесу 2 желтоқсанға жоспарланды.

Айта кетерлігі, Римдегі G20 кездесуінде АҚШ президенті Джо Байден мұнай өндірісінің көлемін желтоқсан айында 800 мың баррельге арттыру керек деп мәлімдеме жасаған еді.

«Ресей мен ОПЕК елдерінің өндірісті ұлғайтудан бас тартуы салдарынан жанармай құны жоғары», - деген Байден АҚШ мұнай сатып алатын елдерді біріктіруге ниетті екенін аңғартан.

Тіпті, мұнайды қымбатқа сатып алып отырған Жапония, Үндістан сияқты елдер Американың жағына шығып үлгерген.

Сарапшылар бұл жағдай мұнай нарығынан бөлек, саяси сипат алғанын айтады. Шетел басылымдарының жазуынша, бұл жағдайға Американың Таяу Шығыстағы ежелгі одақтастарымен күрделі қарым-қатынасы әсер етіп отыр. Тіпті, Байден әлі күнге дейін Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұхаммед бен Салманмен кездеспеген.

«ОПЕК+ АҚШ қойған талапқа бағынатын болса, мұнай өндіру көлемін тәулігіне 600 мыңға немесе 800 мың баррельге өсіруі мүмкін бе? Бұл жағы әлі белгісіз. Оның үстіне, инвестицияның болмауына байланысты Ангола, Нигерия немесе Кувейттегі жаңа кен орындарында өндірісті ұлғайту қиын, ал KSA, Ресей мен БАӘ өндіруді ұлғайту үшін қолданыстағы ОПЕК+ келісіміне өзгерістер қажет. Егер ОПЕК+ АҚШ-тың ұсынысын қабалдамайтын болса, Байден біріншіден, монополияға қарсы шаралар қабылдауы мүмкін. Бұл «қара алтын» бағасына әсер етуі екіталай, екіншіден америкалық мұнайды экспорттауға тыйым салуы мүмкін. Бұл шешім әлемдік мұнай нарығына әсер етеді», ˗ делінген Bloomberg-те жарияланған мақалада.

ОПЕК+ жаңа келісімі бойынша Қазақстан мұнай өндіруде квотаны ұлғайтты. Энергетика министрлігінің мәліметіне сәйкес, картель отырысының қорытындысы бойынша ОПЕК+ елдері шектеулерді толық алып тастағанға дейін тәулігіне 400 мың баррельге жуық өндіру туралы шешім қабылданды.

«ОПЕК+ аясында қараша айында Қазақстан үшін квота тәулігіне 1,540 млн баррель көлемінде анықталды», – деп хабарлады Энергетика министрлігі.

Ай сайын өндіру орташа есеппен тәулігіне 16 мың баррельге артады және Қазақстанның желтоқсан айындағы міндеттемелері тәулігіне 1,556 млн баррельді құрайды.

Десе де, Ресей мұнайға сұраныстың төмендеуіне «дельта» штаммы мен ЕО елдерінде мұнай өнімін тұтыну көлемінің азаюы кері ықпал етеді деп алаңдаулы. Ресей вице-премьері Александр Новак мұнай өндіруді 400 мың баррельге ұлғайту стратегиясында әлемдік сұраныстың төмендеуі ескерілуі тиіс деп пікір білдірген.

Еркежан Айтқазы, Нұр-Сұлтан қаласы

Серіктес жаңалықтары