Нұр-Сұлтан Қазақстандағы ауасы лас қалалардың ішінде көш бастап тұр
Еліміздегі 45 өнеркәсіптік қаланың ауасына мониторинг жүргізілді
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Қазақстандағы ауа ластануы жоғары 10 қаланы атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Атмосфералық ауа мониторингіне сәйкес 45 өнеркәсіптік қаланың ішінде 10-ны атмосфералық ауаның ластануы жоғары деңгейге жатады. Бұл – Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған және Шымкент қалалары. Жабдықтардың тозуы, зауыттардағы шаң тазарту қондырғылары жұмысының тиімсіздігі, жаңғырту мен қайта құрудың болмауы, көмірді пайдалану – жоғары ластанудың себебі»,-деді министр.
Серік Брекешев аталған саладағы жұмыс істеу жүйесінің нашар екенін жасырмады.
«Климаттың өзгеруі мен көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу мәселелерінің шешімін экологиялық проблемаларды шешу арқылы таба аламыз. Қазақстандағы негізгі экологиялық проблемалар атмосфералық ауаның ластануы, жер үсті сулары және қалдықтармен жұмыс істеу жүйесінің нашарлығы болып отыр. Жер үсті сулары ластануының негізгі себебі – кәріздік-тазарту құрылыс жайларының тозуы. Қалдықтармен жұмыс істеу саласында қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының санитарлық және экологиялық талаптарға сәйкес келмеуі, оларды өңдеу деңгейінің төмендігі және стихиялық үйінділер проблемалары өзекті болып тұр», -деді министр Үкімет отырысындағы баяндамасында.