$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанда қоқыс полигондарының 20%-ы ғана нормаларға сай

Қалдықтармен жұмыс істеу талаптарын бұзғандарға айыппұл көлемі өсті

Қазақстанда қоқыс полигондарының 20%-ы ғана нормаларға сай
Фото ашық дереккөзден

Қазақстанда үш мыңнан астам қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) полигоны бар, олардың тек 20 пайызы ғана нормаларға сәйкес. Бұл туралы Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Үкімет отырысында өткен баяндамасында мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Бұл мәселе Павлодар (1,25%), Батыс Қазақстан (1,4%) және Солтүстік Қазақстан (3,5%) облыстарында өте өзекті болып тұр. Осы жылдан бастап оларды көмуге тыйым салынды. Норма 2016 жылы енгізілді. Оған қарамастан, тек Нұр-Сұлтан, Алматы және Лисаковск қалаларында құрылыс қалдықтарына арналған алаңдар бар», - деді министр.

Жалпы, қоқыс шығаратын ұйымдардың қызметін реттеу және бақылау мақсатында жаңа Экокодексте хабарлама жасау тәртібін енгізу көзделген. Олар көлікке GPS-датчиктерін орнатуға және көліктің қозғалысы туралы толық ақпаратты беруге міндетті. Оған қоса, қалдықтармен жұмыс істеу талаптарын бұзғаны үшін айыппұлдар да жоғарылаған.

«Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Арал теңізінің құрғаған түбіне жалпы көлемі 1,1 млн гектар жерге сексеуіл отырғызуды нақты іске асыруға кірістік. Биыл сексеуіл егу 100 мың га алқапта, келесі 4 жылда жыл сайын 250 мың га алқапта жүргізілетін болады. Өзбекстан Республикасының оң тәжірибесін қолдана отырып, біз алғаш рет сексеуілді аэро егуді жүргізуді жоспарлап отырғанымызды атап өту қажет. Ынтымақтастық жөніндегі тиісті Жол картасына қол қойылды», - деп мәлімдеді Мағзұм Мырзағалиев.

Серіктес жаңалықтары