$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ақтаулық оқушылар арамшөптен биопакет жасап шығарды

Күнделікті тұрмыста қолданылып жүрген крахмал, бояғыш, жағымсыз иісті жою үшін хош иіс қоспалары қосылды

Ақтаулық оқушылар арамшөптен биопакет жасап шығарды

Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушылары арамшөптен биопакет жасап шығарды. Жас өнертапқыштар болашақта өнімді нарыққа шығаруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Оқушылар үшін бастапқыда мектеп айналасындағы арамшөптерді кәдеге жарату жөнінде мақсат туындаған. Кейін ұстаздарымен ақылдаса келе биопластик жасап көруге бел байлапты.

«Біздің жобамыздың ерекшелігі – экологиялық тұрғыдан таза өнім екендігінде. Күнделікті тұрмыста қолданып жүрген полиэтилен пакеттердің жойылуына 100 жылдан аса уақыт керек. Біздің өніміміз үш жылдың ішінде қарашірікке айналып етеді. Ал егер қышқылдық ортаға түсер болса 10 минутта жойылып кетеді. Қазіргі пакетіміз 500 грамға дейін көтере алады және бірнеше түсі бар. Біздің есебімізше технологияны автоматтандырған жағдайда бір өнімнің құны 30 теңгеге шығады. Алдағы уақытта жобамыздың авторлық құқығын қорғап, нарыққа шығарғымыз келеді», - дейді бірнеше сынақ жұмысын жүргізген Әсия Теджен.

Жоба авторлары – Әсия Теджен мен Ернар Өмірзақ. Жетекшісі – биология пәнінің мұғалімі Гүлнұр Чандыбаева.

«Біз арамшөпті икемді ету үшін қолжетімді бірнеше қоспа қостық. Күнделікті тұрмыста қолданып жүрген крахмал, бояғыш, жағымсыз иісті жою үшін хош иіс қоспаларын да қостық. Көп еңбектендік. Жоспар сәтті жүзеге асты», - дейді Ернар Өмірзақ.

Жас зерттеушілер өндіріс процесін автоматтандыру станогының механизмін дайындауда. Сонымен қатар, станокты жасауға техникалық көмек көрсетуге дайын команда іздеуде. Айта кетейік, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ желісінде жыл сайынғы ғылыми жобалар байқауы өтіп жатыр. Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінен 12 жоба ұсынылды. Ернар мен Асия биопакетпен біргеа республикалық байқауда бағын сынайды.

Серіктес жаңалықтары