$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Пенжім оқиғасы: Жаркенттің қос кәсіпкері тұрғындарға келген шығынның бәрін төлеп берді

Көшеге шыққан жігіттер 29 үйді қиратқан

Пенжім оқиғасы: Жаркенттің қос кәсіпкері тұрғындарға келген шығынның бәрін төлеп берді

Пенжім ауылындағы оқиғадан зардап шеккен тұрғындардың дүниесін екі кәсіпкер толықтай төлеп берді. Қираған дүниелердің материалдық шығыны 24 млн теңгені құраған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Көшеге шыққан жігіттер 29 үйді қиратқан. Алайда қос кәсіпкер бүлінген дүниені бүтіндеп, араздасқан жұртты татуластырмақ болғанда мүлкін даулаған жандардың саны екі есеге көбейген. Араздасқан қос тарапты қол алыстырған Серік Ақсубаев пен Зәкіржан Кузиев барлығы 51 үйді бүтіндеп берді.

«Жігіттердің басын қосып, үш күннің ішінде сынған терезе, құлаған қоршау, бүлінген өзге де дүниелерді орнына келтірдік, жаңаладық. Басында 29 үй деген еді, соңына олардың саны 51-ге жетті. Ешкімнен бір тиын алмай-ақ ауыл адамдарының қажетті заттарын түгендеп бердік. Қираған техникалардың шығыны 15 миллион екен, оны да төлеп бердік. Ұйғыр-қазақ деп бөлініп, араздастырудың түк қажеті жоқ. Дүниесі бүлінген адамдардың арасында қазақтар да көп екен. Барлығын бүтіндеп бердік. Тілі, ділі, сенімі ұқсас екі бауырлас халықты тағдыр Қазақстан жерінде жақындастырды, демек, олар бірге өмір сүруі тиіс дегенді білдіреді. Кімнің қашан, қайда қоныстанғанын елде, тарихшылар да жақсы біледі. «Көк бөрiнiң» ұрпағымыз деп санайтын түркi жұртына жататын қос ұлт бiр ғана Отанын – Қазақстан Республикасын бiледi және олар тек осы елдің гүлденуiн, алға қарай ұмтылып, дамуын тiлейдi. Әрбір жеңісіміз үшін әнұранымыз шырқалып, көк аспанға туымыз көтерілгенде қос ұлттың жүрегін мақтаныш сезімі кернейтінін білемін», - деді жаркенттік кәсіпкер Закиржан Кузиев.

Жаркенттіктердің айтуынша ауруханаға жатқан баланың басы асфальтқа соғылған. Басына ота жасалаған оқушы жансақтау бөлімінен палатаға шықты. Полиция тергеп-тексеруді жалғастырып жатқанмен тұрғындар бір-бірінің үстінен шағымдануды тоқтатқан. Жарақат алған баланың ата-анасы да кешірім беріп, қарсы тараппен татуласқан. Кәсіпкерлер болса оқушыны ары қарай шипажайға жатқызып, ем-домына қажетті шығындарды да өтемек. Сонымен қатар төтенше жағдай кезінде өртенген үйді де кәсіпкерлер қалпына келтірген.

«Бұл әу баста екі баланың төбелесінен басталған. Одан саяси астар іздеп, ұлтараздық жағдайға жеткізудің қажеті жоқ. Бұл – 16-17 жастағы балалардың ақылсыз әрекеттері. Екі жақты кездестірдік. Таяқ жеген баланың анасы кешірім берді. Бірі бірінің қолын алып, татуласты. Жарақат алған баланың анасына қаржылай көмек бердік. Тағы да береміз. Оқушы қазір жансақтау бөлімінен шықты. Енді алдағы бірнеше ай бойы ем алуы керек. Шипажайға өзіміз жатқызып, емдейміз. Соңына дейін көмектесеміз. Басына салған пластикті ауыстырып, тағы да ота жасайды екен. Барлық ем-домына көмектесеміз. Өзім әкемнен екі, анамнан бес жасымда жетім қалғанмын. Сондықтан ата-ананың, мұқтаж жандардың жағдайын жақсы түсінемін. Қысылтаяң шақта халыққа көмектесу қолында мүмкіндігі бар әр азаматтың міндеті. Қасымдағы жігіт ұйғыр, бірақ достарының бәрі қазақ. Сондықтан алыста отырып отқа май құйған дұрыс емес. Жағдайды ушықтыра берудің қажеті жоқ», - деді кәсіпкер Серік Ақсубаев. 

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы

Серіктес жаңалықтары