Атырауда әйел адам құрбысының 54 млн теңгесін ұрлап кетті
Күдікті қомақты қаражатпен Алматы қаласына кеткен
Атырауда әйел құрбысының сейфінен 54 миллион теңге ұрлап кетті, деп хабарлайды Polisia.kz.
Бір аптаға жуық үйінде болмай, басқа қалаға кетіп, ал келгенінде сейфтегі 54 миллион теңгесі ұрланғанын көрген 45 жастағы азаматша дереу полицияға хабарласқан. Ұры сейфтен 54 млн теңгені алып, 2 млн теңгені қалдырып кеткен.
Полицейлер бейнекамераларды тексергенмен ұрлыққа қатысты дәйек таппады. Алайда оқиғаға дейін пәтерге келіп, қонақ болып жүргендер арасында жәбірленушінің 42 жастағы құрбысы күдік ұялатқан.
Тергеп-тексеру амалдары барысында күдіктінің қомақты қаражатпен Алматы қаласына кеткендігі анықталды. Полиция қызметкерлері ұстау барысында әйелден 36 миллион теңге тәркіледі. Күдікті өз кінәсін толықтай мойындады.
Атыраулық полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 4-бөлігі бойынша тергеу амалдарын жүргізіп, іс-құжаттарын сотқа жолдады.