Павлодарда 1600-ге жуық адам әскери борышын өтеуден қашып жүр
Қазір табылған жастар медициналық тексеруден өтуде
2021 жылғы 18-22 қазан аралығында өңірде «Әскерге шақырылушы» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, барлық шақырылушылар 441 тұрғылықты жері бойынша тексерілді, 1593 іздеуде жүр және 148 адам Қазақстан Республикасының басқа өңірлерінде анықталған, оларға хабарлама жіберілді.
«Әскери міндет – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының өз елін қорғау жөніндегі міндеті және қасиетті борышы. Әскерге шақырылушылардың армияда қызметтен жалтаруы өзекті болып қалуда, өйткені күзгі шақыру барысында қызметке жарамды деп танылған кейбір жастар әскери қызметтен жалтаруды жалғастыруда. Тәртіп сақшылары қызметтен жалтарып жүрген 24 адамды өңірдің қорғаныс бөлімдеріне жеткізді. Мысалы, Новочерноярка ауылының 21 жастағы тұрғыны тіркелген жерінде тұрмайтын болып шықты. Жас жігіттің анасымен бірге тұратын дәмханалардың бірінде от жағушы болып жұмыс істейтіні анықталды. Ол өзінің бұл әрекетін әскерге барғысы келмейтінімен түсіндірген», - деп хабарлады департаментте.
Сондай-ақ Рождественка ауылының 20 жастағы тұрғыны Павлодар қаласында анықталса, Бірлік ауылының 23 жастағы тұрғыны Екібастұз қаласынан табылған. Қазіргі уақытта жастар медициналық тексеруден өтуде.
Айта кетерлігі, әскери міндетті орындаудан, алғашқы әскери есепке қоюға және әскери қызметке шақыруға байланысты іс-шараларға қорғаныс істері жөніндегі бөлімге, шақыру комиссиясына келуден, әскерлерге жөнелтуден және медициналық тексеруден өтуден жалтарған азаматтар іздестіріледі. Әскери есептен шықпаған және жаңа тұрғылықты жері бойынша әскери есепке уақытылы тұрмаған азаматтар да іздестірілуде.
Осыған байланысты әскери есепке алу қағидаларын бұзған, әскери қызметке шақырудан жалтарған азамат әкімшілік жауаптылыққа тартылады.