Алматыда «қызыл» аймақтың карантин шектеулері тағы 7 күнге созылады
Мегаполис 25 қазанда коронавирустың таралуы бойынша «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа өтті
Алматыда инфекцияның таралу қарқыны бойынша қаланың «қызыл» аймақтан «сарыға» өтуіне қарамастан, шектеулер тағы бір апта бойы сақталады. Мегаполисте әуежайларда, ТЖ және автовокзалдарда, сондай-ақ оқу орындарында профилактикалық шараларды күшейту жалғасуда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
КВИ таралуының алдын алу жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысында көршілес Ресейдегі эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты, алматылықтар санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтауды жалғастырып, індетке тосқауыл қою үшін вакциналану қарқынын күшейтулері тиіс екені айтылды. Сол себептен де, Ресей мен Еуропа елдерінен келгендер дерттің кезекті өсуіне жол бермеу үшін бақылауға алынады.
«Бүгін мобильді бригадалар әуежайда, теміржол вокзалдарында және автовокзалдарда кезекшілік етеді. Әуежайда халықаралық ұшып келу залдарында температурасы бар жолаушыларды анықтау үшін 7 стационарлық байланыссыз тепловизор орнатылған, келгендерге сауалнама жүргізіледі. Тағы бір тепловизор ішкі рейстер залында орналасқан. Бұдан өзге, әуежай Ashyq жобасына қатысушы, онда осы жылдың 21 мамырынан бастап «қызыл» мәртебесі бар 257 және «сары» мәртебесі бар 54 адам анықталды», - делінген қалалық әкімдіктің баспасөз хабарламасында.
Б. Сағынтаев жұқтыру динамикасының төмендеуіне қарамастан, санитарлық дәрігерлер мен эпидемиологтардың шектеу шараларын сақтау жөніндегі ұсыныстарына жіті назар аудару керек екенін атап өтті. Алматыда КВИ бойынша жағдай оптимистік болжам бойынша дамуда, күн сайын 231-ден 300-ге дейін жұқтыру оқиғасы тіркеледі. Дегенмен, дерттің асқынуы және тағы өсуі мүмкін, өйткені вирус үнемі өзгеруде.
СЭБД мәліметтері бойынша, қала тұрғындары көбінесе сауда объектілерінде коронавирус жұқтырады – 34%, қоғамдық көлікте – 24%, отбасылармен байланыста – 18% және базарларда – 9%.
«Шектеу шаралары елдің бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес 7 күн бойы жалғасады. Бәсеңдеу немесе күшейту мәселелері қаладағы эпидемиологиялық ахуалдың дамуына байланысты қаралатын болады», – делінген хабарламада.
Айта кетсек, Алматы 25 қазанда коронавирустың таралуы бойынша «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа өтті. «Қызыл» аймақта еліміз бойынша Нұр-Сұлтан қаласы, Қостанай, Павлодар, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары қалды.