Әлем елдері Жаңа жылды қалай қарсы алады
Қауіпсіздікке байланысты бірқатар ел мерекелік концерттер мен отшашуларға тыйым салды

Бірер минуттан соң жаңа 2020 жылға аяқ басамыз. Биыл Австралия елі айлап жалғасқан орман өртіне қарамастан, мерекені тойлап, отшашу рәсімін өткізетін болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Хабар 24» сайтына сілтеме жасап.
Ал Германия мен Гонконг мұндай шараға тыйым салған. Нью-Йоркте де қауіпсіздік шаралары мықтап күшейтіліп жатыр.
Мереке әр елде әр түрлі өтпек. Себебі, қауіпсіздікке байланысты бірқатар ел мерекелік концерттер мен отшашуларға тыйым салды.
Ал Мәскеуде тұрғындарға керемет көңіл күй сыйлау үшін қар тасылып жатыр.
Биыл Австралияда рекордты жоғары температура тіркелді. Сынап бағанасы +40 градус Целсийге дейін жеткен. Салдарынан елде қыркүйектен бері орман өрті жалғасып жатыр. Осы отпен күресте 10 адам қаза тапқан. Соған қарамастан, Сидней қаласы мерекелік отшашуды өткізетін болды. Жалпы, Австралия астанасы Жаңа жылды бар сән-салтанатымен атап өтетін ел ретінде танымал. Дегенмен биліктің шешіміне қарсы болғандар да бар. 270 мың адам «Жаңажылдық отшашуға жоқ деп айт» деген петицияға қол қойды. Олардың айтуынша, өткен жылғы отшашуға билік 5,8 млн Австралия долларын жұмсаған. Құжатта қаражатты осылай ысырап қылғанша, орман өртімен күреске жұмсау керек екені айтылады.
Ал бірқатар елде керісінше, қауіпсіздік шарасы күшейтіліп, мерекелік отшашуға тыйым салынды. Гонконг арнайы әкімшілігінде ереуілдерге байланысты пиротехникалық заттарды қолдануға болмайды. Германияда кешкі сағат 17:00 ден бастап қандай-да бір жаңажылдық отшашулар атылмайды. Франция мемлекеті көшеге 100 мың тәртіп сақшысын шығарып, қауіпсіздік шараларын күшейтті. Өйткені, мерекеге қарамастан, елдегі зейнетақы реформасына қатысты дау-дамай тыйылмай тұр.
«Ереуілдерге байланысты қауіпсіздік шарасы күшейтіліп жатыр. Өйткені, Жаңа жыл кезінде көшеге көптеген адам шығады. Біз азаматтардың қауіпсіздігін ойлаймыз. Сондай-ақ, бүгінде терроризмнен төнетін қауіп бар. Арам ниетті лаңкестер адамдар көп жиналатын жерде жүреді. Бақылауда ұстау керек», – деді Франция ішкі істер министрі Кристоф Кастанер.
Ыстамбұлда бүгін қаланы күзетуге 45 мыңға жуық қауіпсіздік сақшысы мен 400 әскери техника жұмылдырылды. Сондай-ақ, тәулік бойы алып шаһардың үстінен 20-дан астам дрон ұшып жүр. Бұдан бөлек, кейбір полицейлер формасыз қарапайым жүргінші, саудагер кейпінде жүріп, жасырын бақылау жүргізеді. Тәртіп сақшылары әсіресе, халық көп шоғырланатын орындар, мешіттер, түрлі дін өкілдерінің ғибадатханалары, ойын-сауық орталықтары, әуежай, темір жол мен сапаржайлар сынды нысандарды қадағалайды. Өйткені, 2017 жылы 31 желтоқсанда Санта-Клаустың киімін киген қаскөй түнгі клубқа шабуыл жасап, 39 адам қаза болған еді.
«Қаламыз бен адамдарымыздың өмірін сақтап қалуға амал іздеу өте орынды деп ойлаймын. Бұған мәжбүрміз. Бірнеше жыл бұрын орын алған «Рейна» оқиғасы секілді жағдайлардың қайталанбауы үшін алдын ала шараларын қолданғанымыз жөн», – дейді түрік азаматы Алие Арзуман.
Ал қысы қатты Ресей астанасы Мәскеу билігі қалаға қар тасытып әлек. Иә, биыл көршілес елге ақ ұлпа аз түсті. Ал мерекелік шаралар әлдеқашан басталып кеткен. Соның бірі – Санталардың жейдесіз жүгіру марафоны. Ал дайверлер болса Аяз атаның киімін киіп, Байкал өзенінің түбіне сүңгіді.
Нью-Йорктегі Таймс-Скверде жаңажылдық шар іске қосылды. Бұл АҚШ-тың символы іспетті. 30-нан 31-не қараған түні тұрғындар таймс-скверге жиналып, сағатты кері санау үдерісін бастайды. Дәл 00:00-де яғни, 1 қаңтар күні дәл осы жерде мерекелік отшашу өтеді.