Елімізде 7,5 млн-нан астам адам халық санағынан өтті
Онлайн-санақтан өткен адам интервьюерге хабарлама нөмірін көрсетуі қажет
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкеловтің айтуынша қазақстандықтардың 39,6%-ы онлайн-режимде санақ сұрақтарына жауап берді. Бұл туралы Azattyq Rýhy статистикалық ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«16 қазаннан бастап онлайн-режимде санақ жүргізу қызметі тоқтатылды. 45 күн ішінде халықтың шамамен 40% (39,6% немесе 7 527 458 адам) осы әдісті қолданды. Ал біздің интервьюерлерге 3 миллион 792 мыңнан астам адам жауап берді. Жалпы санақтан халықтың 60 пайызы өтті», - деп атап өтті Нұрболат Айдапкелов.
Санақты онлайн-режимде өтпегендер санақ сұрақтарына 30 қазанға дейін үй-үйді аралап жүрген интервьюерлерге жауап бере алады. Онлайн-санақтан өткен адам интервьюерге хабарлама нөмірін көрсетуі қажет. Олар қайтадан өтпейді.
Интервьюерлердің өзімен бірге санақ логотипі бар көк түсті шарф пен сөмке, планшеті мен куәлігі болады. Куәлікте көрсетілген тіркеу нөмірі бойынша сайттағы интервьюердің жеке басын тексеруге болады. Мұны 1446 нөміріне қоңырау шалу арқылы да жасай алады. Байланыс орталығы тәулік бойы жұмыс істейді.
«Халық санағы еліміз үшін аса маңызды шара. Сондықтан бәрін қатысуға шақырамын. Сұхбат алушылар да еліміздің азаматтары екенін атап өткім келеді. Олардың жұмысына құрмет пен түсіністік танытуды сұраймыз», - деді Ұлттық статистика бюросының басшысы.
Санақтың негізгі кезеңі аяқталғаннан кейін, әдіснамаға сәйкес, 1-7 қараша аралығында респонденттерді бақылау мақсатында тексеру қарастырылған. Осы уақыт ішінде респонденттердің 10%-ға жуығы қамтылады.