Жемқорлық – бағаның өсуінің бір себебі – БҚО әкімі
Әкім жеке WhatsApp нөміріне «Сыбайлас жемқорлық» деп белгілеп хабарлауды өтінді
БҚО әкімі Ғали Есқалиев құрылыс бөлімінің басшысы Арман Өксікбаевтың ірі пара алды деген күдікпен ұсталуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Телміріп тапқан теңгеден - тер төгіп тапқан теңге жұғымды», деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, заңсыз және оңай ақша алған жемқор адам тауардың бағасы туралы ойланбай, оны оңай жұмсай береді. Бұл нарықтағы инфляцияға әкеледі. Яғни, жемқорлықты бағаның өсуінің бір себебі ретінде қарастыруға болады», - деп әкім Facebook парақшасында жазды.
Жақында мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй салып жатқан кәсіпкерден қала әкімдігінің қызметкері ірі көлемде пара алды деген күдікпен ұсталды.
«Құрылыс материалдары мен қызмет көрсету жұмыстарына баға өсіп жатқан жағдайда, біз адал жұмыс істейтін құрылыс компанияларымен бірге құрылыс нысандарын уақытында және сапалы аяқтау үшін қосымша қаражат іздеудеміз. Осындай жұмыстар атқарылып жатқанда мұндай жағдайлар тіркеліп отырса, қатаң шара қолдануды қажет етеді. Мен тағы да мемлекеттік жобалармен жұмыс істеп жүрген азаматтарға ескертіп айтамын. Заңсыз ұсыныстарға беріліп, бопсалауға түспеңіз. Мен ешкімге заңсыз нұсқау бермеймін және оны орынбасарларым мен әкімдерден талап етемін.
Егер мұндай фактілер болса, менің жеке WhatsApp нөміріме +77017776037 «Сыбайлас жемқорлық» деп белгілеп хабарлауды өтінемін. Мен тергеу барысын және кінәлі тұлғалардың заң бойынша жауап бергенін қадағалайтын боламын!» - деп жазды әкім Facebook парақшасында.