Тараз маңындағы жарылыстар 13 қарашаға дейін жалғасады
Жарылыс 13 қарашаға дейін жалғасады
Жамбыл облысында оқ-дәрілерді жою жұмыстары басталды, бұл халыққа ешқандай қауіп төндірмейді, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
«Қорғаныс министрлігінің инженерлік-саперлік бөлімшелерінің күшімен Жамбыл облысының Байзақ ауданында оқ-дәрілерді жою жұмыстары басталды. Жұмыс 13 қарашаға дейін күн сайын, дүйсенбіден жұмаға дейін жүргізіледі. Ол үшін әскери бөлім мен елді мекендерден 12 шақырымнан аса қашықтықтағы адам тұрмайтын таулы жерлер белгіленді», - делінген ведомство хабарламасында.
Мамандар тобы жергілікті тұрғындар мен инженерлік-саперлік бөлімшелердің жеке құрамының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін таңдалған аймақ егжей-тегжейлі зерттелгенін айтты.
«Әскери полиция күшімен Жамбыл облысы Ішкі істер департаментінің қызметкерлерін тарта отырып, жарылыс болған жердің айналасы қоршалды. Оқ-дәрілерді жою кезінде дыбыстық әсері де болады. Жүргізіліп жатқан жұмыстар халыққа қауіп төндірмейді», - деп толықтырды Қорғаныс министрлігі.