Ұшақта адам өмірін құтқарған ұландық офицер марапатталды
Оқиға 6 қазанда Киевтен Нұр-Сұлтан қаласына ұшып келе жатқан ұшақта болған еді
Адам өмірін құтқаруда көрсеткен жылдам әрі епті қимылы үшін Ішкі істер министрінің орынбасары, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бұйрығымен Ұлттық ұлан әуе кемесінің командирі Станислав Смурыгин «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» кеуде белгісімен марапатталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Марапатты сардарға әуе эскадрильясы жеке құрамының алдында 3656 әскери бөлімінің командирі Павел Хребтов табыс етті. Рәсім «Қазақстан әуе индустриясы» ЖШС әуежайының аумағында өтті.
Естеріңізге сала кетсек, оқиға 6 қазанда Киевтен Нұр-Сұлтан қаласына ұшып келе жатқан ұшақта болған болатын. Осы рейспен жолаушы ретінде ұшып келе жатқан Станислав Смурыгин жағдайы нашарлаған әйелге жедел көмек көрсеткен.
«Сағат таңғы 5.00 шамасында ұшақ ішінде абыр-сабыр басталып кетеді. Стюардесса жағдайы күрт нашарлаған жолаушылардың біріне көмек көрсетуді сұрайды. Сол кезде әскери қызметші дереу алғашқы көмек көрсетуге келеді. Қан қысымын өлшеп, оттегі баллонын кигізіп, жолаушыны Нұр-Сұлтан қаласына жеткенше жол бойы бақылайды. Ұшақ қонған сәтте дереу медицина қызметкерлерінің қолына тапсырады», - делінген хабарламада.
Барлық қиындық пен шектеулерге қарамастан, Ұлттық ұлан офицері білімінің арқасында әйел адамға дереу көмек көрсетіп, мүмкін болған ауыр жағдайдан сақтап қалды.
«Майор Смурыгин – өз ісінің нағыз хас шебері. Сын сағатта сардар жіті қимылдап, барлығын нұсқаулықта жазылғандай нақты орындай білді. Осының арқасында азаматшаның денсаулығына көмек беріліп, жағдайының нашарлауына жол берілмеді. Бұл барша жеке құрамға үлгі болады», – деді өз сөзінде Павел Хребтов.