Bek Air басшылығы ұшақтың апатқа ұшырауын әуежайдан көріп отыр
Bek Air басшылығы ұшақ апатына қатысты өз нұсқаларын айтты
Бүгін Bek Air әуе компаниясының басшылығы Алматыдағы ұшақ апаты бойынша баспасөз мәжілісін өткізіп, төтенше жағдайға қатысты өз болжамдарын айтты. Ұшу қызметі басшысының мәліметінше, ұшақтың апатқа ұшырауына алдында ұшқан ұшақтың түтіні әсер еткен болуы мүмкін.
«Біздің алдымызда Airbus A321 борты жаңа мотормен ұшып кетті. Ұшу массасы – 89 тонна. Назар аударыңыз, сағат 07:39-да ұшқанда оның жылдамдығы 184 узел (1 узел – 1,852 км/сағ) болды. Ал бір минуттан кейін Fokker-100 155 узелмен ұшты. Бізге дейін (Fokker-100 – ред.) ұшқан ұшақтың ізі (спутный след – ред.) қалды. Негізі ұшақтардың алдындағы уақыт интервалы кем дегенде екі минут болуы керек. Әуеге көтерілген соң, ұшақ 6-шы секундтан бастап 19,6 футқа төмендей бастады. Сосын оңға, солға қисайды. Ұшақ неден бұлай қозғалуы мүмкін? Ауа райы жақсы еді. Біздің ойымызша, апаттың бір себебі сол «спутный след», - деді компанияның ұшу қызметі басшысы Ерік Сапаров.
Сондай-ақ Bek Air әуе компаниясы өкілдерінің бірі әуежай маңындағы ғимарат болмағанда, ұшақ апаты салдарынан мұншалықты адам шығыны болмас еді деген пікір айтты.
«Мемлекет басшысы әуежайға жақын аумақта ғимарат салудың заңдылығын анықтау үшін тапсырма берді. Кеңестік кезеңде бұл аймақта мұндай ғимараттар тұрғызуға қатаң шектеу қойылатын. Заң бұзушылық бар екені айдан анық. Тергеу көрсетеді. Ұшақ кедергілерге қарамастан соңғы сәтке дейін ұшып кетуге тырысты. Бірақ сыртқы фактор әсер етті... Бақылаудан сәл шығып кеткеннен кейін ұшақ шарбаққа, одан кейін үйге соғылды. Ғимарат ұшаққа кедергі болды. Егер сол кедергілер болмағанда, адам шығыны болмас еді», - деді компания өкілдері.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан