Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйі әкімдік меншігіне қайтарылды
Ғимараттың жалпы ауданы – 160 шаршы метр
Алматы қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйі әкімдік меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Келер жылы көрнекті ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толады. Мерейтойға дайындық барысында қоғам қайраткері тұрған мұражай-үйді қала меншігіне қайтардық. Оның мұрасы мәңгілік сақталады», – деп жазды Бақытжан Сағынтаев өзінің Twitter аккаунтында.
XX ғасырдың басында салынған мұражай ғимараты республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Ғимараттың жалпы ауданы – 160 шаршы метр. Мұражай 1993 жылы құрылды және 1998 жылы ресми түрде ашылды. Онда Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін 500-ге жуық құнды материал сақталған.