Елімізде карантин басталғалы 11 350 қазақстандық COVID-19-дан қайтыс болды

Қазақстан пандемия басталғалы КВИ-дің төрт толқынынан өтті

Елімізде КВИ-мен күреске тікелей тартылған қызметкерлерге 3 тәуекел тобы бойынша 116 млрд теңге мөлшерінде үстемеақы төленді. 2020 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы 30%-ға, орта медициналық қызметкерлердің жалақысы 20%-ға өсті. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Мәжілістің Үкімет сағатында айтты, деп хабарлай хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Қазақстан коронавирустық инфекциясының жаңа штаммдарының пайда болуына байланысты сырқаттанушылықтың төрт толқынынан өтті. Аурудың соңғы өршіген кезеңінде тәулігіне 7 800-ге дейін жағдай тіркелді.

«Қазір коронавирустық инфекцияның аурушаңдығы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді, тәулігіне 2 000-ға дейін жағдай тіркелуде», - деді ведомство басшысы.

Бүгінде КВИ-мен күресудің басты амалы вакцинация екенін алға тартқан Алексей Цой өз баяндамасында екпе алу көрсеткішіне де тоқталып өтті.

«11 қазандағы жағдай бойынша республикамызда бірінші компонентпен тиісті контингенттің 78%-ы, яғни халық санының 41%-ы егілді, екінші компонентпен халықтың 69%-ы немесе халық санының 36%-ы вакцина алды. Бүгінде Pfizer компаниясының «Comirnaty» вакцинасы осы санаттағы адамдар үшін тиімділігі мен қауіпсіздігі дәлелденген 12-17 жастағы балалар мен жүкті әйелдерді вакцинациялауға ұсынылған жалғыз вакцина болып саналады. Осыған байланысты, министрлік 2021 жылдың соңына дейін «Comirnaty» вакцинасының 4 млн дозасын жеткізу бойынша Pfizer компаниясымен шартқа қол қойды», - деді министр.

Сондай-ақ, 2020 жылдың наурыз айы мен 2021 жылдың 4 қазан аралығында 11 350 қазақстандық COVID-19 құрбаны болды.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.