$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Түркістанда «Жан» фильмінің қайырымдылық көрсетілімі өтті

«Болашақ» қоры бүгінге дейін балаларға арналған 37 фильмді тәржімалады

Түркістанда «Жан» фильмінің қайырымдылық көрсетілімі өтті

Елімізде соңғы бірер жылдан бері қайырымдылық шаралары түрлі деңгейде көптеп өткізіле бастады. Әсіресе, Мемлекет басшысы 2020 жылды Еріктілер жылы деп жариялағалы волонтерлік қозғалыстардың қатары көбейіп, мұқтаж жандарға көмек қолын созып келеді.

Ал, «Болашақ» корпоративтік қоры қайырымдылықпен айналысуды дәстүрге айналдырған десек те болады. Жыл сайын Голливудтың бірнеше фильмін қазақ тіліне аударатын білікті мамандар бұл туындыларын ең бірінші ата-ана қамқорынсыз қалған және әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балаларына тегін көрсетіп, оларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Бұл жолы да Қор мамандары осы дәстүрден жаңылмай, қайырымдылық шарасын «Nur Otan» партиясымен бірігіп Түркістан қаласында өткізді. Жергілікті балаларға қазақ тіліне дубляждалған «Жан» («Душа») анимациялық фильмі көрсетілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Фильмдерді қазақ тіліне дубляждау бойынша «Өзіңнен баста» жобасы «Болашақ» қорының Қамқоршылар кеңесінің құрметті мүшесі, «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары, осы жобаға дем беруші Бауыржан Байбектің белсенді қатысуымен және қолдауымен жүзеге асырылады.

Айта кету керек, «Болашақ» корпоративтік қоры америкалық танымал кинотуындыларды қазақшаға аударуды 2011 жылдан бастады. Осы 10 жыл ішінде жас мамандар Pixar, Marvel, Sony Pictures және т.б. жетекші әлемдік киностудиялардың 37 фильмін қазақша сөйлеткен. Фильмдердің басым бөлігі – Disney, Pixar, Sony Pictures студияларының балаларға арналған анимациялық туындылары. Қараша айында прокатқа қазақ тіліне дубляждалған «Энканто» фильмі шығады. «Жан» фильмінің дубляжының демеушісі BI Group компаниясы болды.

Ал, Түркістанда өткен қайырымдылық шарасына Қор өкілдерімен қатар «Болашақ» қорының Қамқоршылар кеңесінің Құрметті мүшесі, «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек те қатысты.

«Осыдан тура он жыл бұрын «Болашақ» қоры мен «Өзіңнен баста» жобасы құрылған болатын. Олардың екіншісі шетелдің танымал фильмдерін қазақша дубляждауға негізделген. Осы он жыл ішінде біз бір сәтке болса да жұмысымызды тоқтатқан емеспіз, бизнес пен демеушілік қолдаудың арқасында қазақ көрермендеріне қазақ тіліндегі сапалы контентті ұсынып келеміз. Енді қазіргі таңда бұл жұмыстарды мемлекеттен қаржылай қолдауымен жүзеге асырсақ па деп жоспарлап отырмыз. Ол үшін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасын талқылау жөніндегі жұмыс тобының белсенді қатысушысы ретінде бірнеше ұсыныс енгіздік. Егер қолдау тапсақ, бір жылда орта есеппен 15 фильмді қазақша дубляждаймыз. Анимациялық фильмдер мен отбасымен көруге арналған фильмдердің дубляжын қамтамасыз етудегі мемлекеттік қолдау «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасы іс-шараларының бір бөлігі болды. Қалай болғанда да, «Өзіңнен баста» жобасы одан әрі де қазақ балалары үшін шетелдік кинотуындыларды қазақша сөйлете береді», - деді «Болашақ» корпоративтік қорының директоры Азамат Божаков.

Айта кетейік, америкалық Pixar киностудиясы түсірген «Жан» анимациялық фильмі биыл қаңтар айында көпшілік назарына ұсынылған болатын. Ол кезде қазақстандықтар туындыны ағылшын және орыс тілдерінде тамашалаған еді. Енді қазақ балалары өз ана тілімізде көретін мүмкіндікке ие болып отыр. Фильм экранға шыға салысымен кино сыншылардан өте жоғары баға алған. Онда авторлардың негізгі идеясы – өмірді, өзіңе жақын адамдарды бағалау, арманыңа жету үшін кедергілер мен қиындықтарға мойымай талпыну және т.б.

Басты кейіпкер Джо Гарднерді жобаның көптен бері қатысушысы, дарынды актер Дәурен Серғазин дыбыстады. Дәурен «Болашақ» корпоративтік қорымен бұған дейін жұмыс істескен. Ол атақты «Алладин» фильмінде – Жынды (Уилл Смитт – авт.), Арыстан патша» фильмінде – сурикат Тимонды және Дисней студиясының басқа танымал кейіпкерлерін қазақша сөйлеткен болатын.

Дубляж жасау кезінде ағылшын тіліндегі мәтін қазақ тіліне жай ғана аударылып қоймай, бейімделеді: түпнұсқа кейіпкерлеріне өзіне тән сөздер, әзілдер сөзбе-сөз емес, жергілікті мәдениеттің ерекшеліктерін ескере отырып аударылады. Мысалы, диалогтардың бірінде кейіпкер АҚШ-тағы әйгілі доктор туралы айтады. Бұл есім біздің көрерменге таныс болмағандықтан, оның есімі белгілі қазақстандық Димаш Құдайбергеннің есімімен алмастырылды.

Титрдегі «Өмір ғажап» әнін Mona Songz деген атпен аты шыққан қазақстандық танымал орындаушы Манарбек Жұматай орындады. Бұл әртістің жобаға қатысуының алғашқы тәжірибесі болды.

Қазақстанда қазақ тілін насихаттау, қолдану аясын кеңейту шаралары тәуелсіздік алған уақыттан бері жүргізіліп келе жатқаны белгілі. Осы жұмыстар аясында жүзеге асқан «Өзіңнен баста» жобасының ерекше орны бар. «Болашақ» қорының америкалық фильмдерді қазақшаға дубляждау жұмыстары осы жоба аясында жүргізіліп келеді. Жоба 2011 жылдан бері «Болашақ» қорының Қамқоршылар кеңесінің Құрметті мүшесі Бауыржан Байбектің бастамасымен іске аса бастаған. Ол ешқандай коммерциялық мақсатты көздемейді. Негізгі мақсаты - Қазақстан азаматтарының әлемдік студиялардың контентіне өз ана тілінде қол жеткізуін қамтамасыз ету.

Жобаның арқасында бүгінгі таңда 100-ден астам отандық актердің дауысы «Walt Disney Pictures» дауыстық базасында тіркелген. Ал қазақ тілі дубляж бойынша түрік тілінен кейінгі екінші түркі тілі және «Walt Disney» тарихында 39-шы; «Sony Pictures» компаниясының жетінші тілі атанды. Ол Шығыс Еуропа мен ТМД елдеріне арналған Blu-Ray-де көруге болатын Голливуд фильмдерінің негізгі 7 тілі қатарына енді. Жоба Қазақстанда дубляжды халықаралық деңгейге шығарды. Шығармашылық және техникалық мамандықтардың 203 өкілі «Walt Disney Pictures» студиясының стандарттары бойынша дубляжға оқытылды.

Дубляждалған фильмдер IVI және Megogo онлайн кинотеатрларында қолжетімді.

Серіктес жаңалықтары