Сыртқы жарнама, ақпараттық баннерлер, ас мәзіріне дейін алдымен қазақша жазылуы тиіс – Мәжіліс жаңа заңды мақұлдады
Кез келген жерде бәрін қазақ тілінде жазу міндеттелмек
Мәжіліс мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында көрнекі ақпарат мәселелері бойынша заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсынысты екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік-мәдени даму комитеті Қазақстан Республикасының Үкіметі бастамашылық еткен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын қарап шықты. Заң жобасы 2021 жылғы 24 ақпанда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданды.
«Заң жобасының мақсаты – сыртқы жарнамалар мен әртүрлі маңдайшалардағы басқа да рекивизиттер мен көрнекі ақпараттардың мемлекеттік тілде дұрыс жазылуы және мәтіндердің түпнұсқа аудармасы бойынша қосымша талаптарды белгілеу», - деді Әдеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Берік Әбдіғали.
Заң жобасымен жұмыс істеу барысында депутаттар мемлекеттік тілге қатысты жиі қайталанатын олқылықтарды ескере келе өз ұсыныстарына нақты талаптарды енгізді.
- әкімшілік-аумақтық бірліктердің, елді мекендердің құрамдас бөліктерінің, сондай-ақ басқа да физикалық-географиялық объектілердің дәстүрлі тарихи қалыптасқан қазақ атауларын мемлекеттік тілде жазуға;
- мемлекеттік емес ұйымдардың бланкілері мен маңдайшаларын мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс және (немесе) басқа да тілдерде жазуға бағытталған түзетулер енгізді. Бұл ретте, егер мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшаларында Қазақстан Республикасында қорғалатын тауар белгілері пайдаланылған жағдайда, олар өзгермейтін түрде жазылады;
- егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, жол белгілеріндегі жазбаны мемлекеттік тілде жазуға;
- егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, хабарландыруларды, жарнаманы, прейскуранттарды, баға көрсеткіштерін, ас мәзірін, нұсқағыштар мен басқа да көрнекі ақпаратты мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс және (немесе) басқа да тілдерде орналастыруға;
- көрнекі ақпарат мәтіндерін орналастыру мәселелері жөніндегі заңнамалық актілердің нормаларын «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес келтіруге бағытталған түзетулер енгізді.
Осы айтылғандарды ескере отырып, Комитет «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын екінші оқылымда мақұлдап, оны Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қарауына жіберді.