$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
25.09.2019, 18:03
Жаңалықтар

Шымкентте 30 млрд теңгеге жолайрықтар салынады

Салаға жауапты мекеме мегаполистегі кептеліс жиі болатын 4 қиылысты анықтапты

Шымкентте 30 млрд теңгеге жолайрықтар салынады
Фото: bnews.kz

Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы шаһарда 4 жолайрық салуды жоспарлап отыр. Салаға жауапты мекеме қала көшелеріндегі көлік қатынасына зерделеу жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде кептеліс жиі болатын 4 қиылысты анықтапты.

«Бүгінгі таңда бізде Арғынбеков, Бәйдібек би көшелерінің қиылысында үш деңгейлі жолайрық салынады. Жобасы дайын, жалпы құны 11 млрд теңгені құрайды. 2020 жылы республикалық бюджетке ұсынуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, екінші жолайрық Қонаев пен Рысқұлов көшелерінің қиылысына салынады.  Ол жерге салынатын жолайрықтың да жобасы дайын, жоба құны 7 млрд теңге. Оны да республикаға ұсындық. Үшіншісі Сайрам мен Жібек жолы көшелерінің қиылысында болады, қазір жоба дайындалып жатыр. Ол жерде жолайрық салуға 6 млрд теңге жұмсалады, жобасы 2020 жылы дайын болады. Төртінші Бәйдібек би – Төлеметов көшелерінің қиылысында болады», - дейді Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев.

Еске салайық, Шымкенттегі ең алғашқы жолайрық бұған дейін Темірлан тас жолының бойында, «Бекжан» базарының іргесінен салынған болатын. Аталған нысан құрылысының бірінші кезеңі аяқталып, жолдың бір бөлігі пайдалануға берілген. Екінші кезеңі қазір салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары толық аяқталған сәтте қаланың осы бөлігінде көлік кептелісі проблемасы біршама шешіледі дейді жергілікті билік өкілдері.

Айта кетейік, Шымкент былтыр облыстан бөлініп шығып, республикалық маңызға ие мегаполис мәртебесін алған болатын. Қала тұрғындарының саны миллионнан асады. Тиісінше, шаһарда автокөлік саны да соңғы бірнеше жылда күрт өскен. Соның салдарынан қалада көлік кептелісі жиілеген. Осы проблеманы шешу мақсатында жоғарыда аталған 4 жолайрық салынатын болады.

Арай Есенбек, Шымкент

Серіктес жаңалықтары