$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
25.09.2019, 16:37
Жаңалықтар

Алматыда жасына жетпей Альцгеймерге шалдыққандар көбейген

Психикалық сауықтыру орталығы жанынан ашылған геронтология бөлімшесінде 5 айдың өзінде 90-ға жуық қала тұрғыны емделіп шыққан

Алматыда жасына жетпей Альцгеймерге шалдыққандар көбейген
Фото: universite-paris-saclay.fr

Алматыда жасына жетпей алжыған адамдар саны артқан,- деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі қалалық Психикалық сауықтыру орталығына сілтеме жасап.

Альцгеймердің жасаруы дәрігерлерді алаңдатып отыр. Алматыда 40 жастан асқандар арасында Альцгеймер ауруының белгілері жиі кездесе бастаған. Психикалық сауықтыру орталығы жанынан биыл сәуірде ашылған геронтология бөлімшесінде 5 айдың өзінде 90-ға жуық қала тұрғыны емделіп шыққан.

25 адамға арналған бөлімшеге көктем кезінде ақыл-есінен адаса бастаған жандар симай қалады,- дейді аталған орталық дәрігерлері. Мамандардың айтуынша мидың қартаюы әдетте 70 жастан кейін басталса,  қазір ол 40 жастан енді ғана асқан тұрғындар арасында да таралып кеткен. Алайда, науқастардың туыстары невропотолог, психологқа баруға намыстанады. Ақыры деменцияның кең тараған түрі ұмытшақтық  асқынып, адам өзіне-өзі қызмет етуге қауқарсыз болғанда ғана орталықтың қызметіне жүгінеді.

«22 жылдық тәжірибемде Альцгеймермен ауырған 45 жастағы мұғалім  кездесті. Әлемдік тәжірибеде бұл аурумен 28 жастағы адам да тіркелген. Адамдардың ерте алжи бастауы көбінесе экономикасы төмен елдерде кездеседі. Кәрілік жеткенде немесе ерте қартайғанда әбігерге салатын Альцгеймердің емі жоқ. Қазіргі сәтте орталықтың бөлімшесінде  бұл аурумен  ауырған 20 адам жатыр. Олардың ең жасы 64-те болса, үлкені  92 жаста», - деді  Алматы қалалық Психикалық сауықтыру орталығының бөлім меңгерушісі Рабиға Доланбаева.

Неміс психиатры Алоис Альцгеймердің құрметіне аталған бұл дертке қазір әлем бойынша 46 млн адам шалдықса, ғалымдар алдағы 30 жылда бұл көрсеткіш 2 есеге дейін өсуі мүмкін деп болжайды. Ал Қазақстанда 170 мың адам диспансерлік бақылауда тұр. Нейрондық байланыстары бұзылып, ми  клеткалары өле бастаған 10 мың 370 адам Алматыдағы психикалық сауықтыру орталығына тіркелген. Дәрігерлердің айтуынша, 350 адамға арналған орталыққа көктем мен жаз айларында науқастар симай қалады.

«350 адамға арналған орталықта кейде науқастар саны 400-ге жететін кездер де болады. Альцгеймер тұқым қуалаумен жалғасады деп те айтады. Бас жарақаты, арақ, темекі мен есірткіге әуестік те бұл ауруға тап болуға әкеледі. Сонымен қатар мимен өте аз жұмыс істейтін адамдардың арасында жиі кездеседі», - деп түсіндірді Алматы қалалық Психикалық сауықтыру орталығының директоры Сапар Рахменшеев.

Жүре пайда болған ақыл-есі кемдігіне ұшыраған адамдарды емдеудің жолы жоқ. Тек аурудың одан әрі асқынуын тежеуге ғана мүмкіндік бар. Аталған мекеменің дәрігерлері алдағы қарттар күніне орай деменция және Альцгеймерге қатысты маңызды мәселелерді талқылап, жиын өткізбек.

Серіктес жаңалықтары