Шымкентте оқу жылы басталғалы 190-ға жуық сынып карантинге жіберілді
341 оқушының коронавирус жұқтырғаны анықталды.
Елімізде оқу жылы басталғалы бір ай ішінде Шымкент қаласында 487 бала COVID-19 инфекциясын жұқтырған. Олардың арасында 146 оқушы жазғы демалыстан бері сырқаттанған болса, қалған 341-і дәстүрлі оффлайн кезінде жұқтырған. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен жиында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Биыл 1 қыркүйектен бастап дәстүрлі форматта оқитындар арасында коронавирус жұқтырған 341 жағдай тіркелді. Қазіргі уақытта 84 мектепте 189 сыныпқа карантин белгіленген. Жалпы Шымкент қаласында эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келе жатыр», - деді қала әкімінің бірінші орынбасары.
Сөз арасында ол биыл шілде-тамыз айларында Шымкент қаласы коронавирус індеті үшін ауыр болғанын айрықша атап өтті.
«Шымкентте тамыз айында 516 адам коронавирустан көз жұмды. Қайтыс болған кісілердің ағайын-туысқандарына көңіл айтамыз. Әр жағдай жіті тексеріледі. Сарапталып, оның себебі анықталады. Қайтыс болғандардың 80 пайыздан астамы – ересектер, 90 пайызының қосымша ауруы бар. COVID-19 басқа ауруларды қоздырады. Сол себепті коронавирус себеп болып, басқа аурулар арқылы қайтыс болғандар да бар», - деді Шыңғыс Мұқан.